Жапон ғалымдары қазір адам ағзасында жаңа тіс шығуына ықпал ететін препаратты сынақтан өткізіп жатыр. Клиникалық зерттеулер сәтті аяқталған жағдайда, бұл ем әдісі 2030 жылға қарай медициналық тәжірибеге кеңінен енгізілуі мүмкін.
2024 жылдың қыркүйегінде Жапонияда алғаш рет адамға жаңа тіс шығаруға бағытталған препараттың клиникалық сынақтары басталды. Зерттеу Осака қаласындағы Китано ауруханасында жүргізіліп жатыр. Сынаққа жасы 30 бен 64 аралығындағы, кемінде бір тісінен айырылған 30 ер адам қатысқан. Препарат көктамыр арқылы салынады.
Препарат моноклоналды антиденелерге негізделген. Ол ағзадағы USAG-1 деп аталатын ақуызды тежейді. Бұл ақуыз әдетте тістің қайта шығуына кедергі келтіреді. Ғалымдар осы процесті тоқтату арқылы адамның өз ағзасында жаңа тістің шығуын іске қосуды көздеп отыр.
Алғашқы 11 ай бойы зерттеушілер препараттың қауіпсіздігін, ағзаға әсерін және жаңа тістің шығуына ықпалын бақылап отыр. Егер бұл кезең сәтті өтсе, келесі кезекте ем 2–7 жас аралығындағы туа біткен адентиясы бар балаларға (төрт немесе одан да көп тісі жоқ) қолданылмақ.
Зерттеушілердің түпкі мақсаты - бұл препаратты:
жарақат салдарынан тісінен айырылғандарға,
жасына байланысты тісі түскен адамдарға,
толық немесе жартылай тіссіз қалған жандарға
қолжетімді ету.
Зерттеу жетекшісі Кацую Такахаши бұл бағыттың маңызын атап өтті:
Біз тісінен айырылған адамдарға нақты көмек көрсеткіміз келеді. Бұған дейін тісті қайта шығаратын ем болмаған. Сондықтан бұл зерттеу көпшіліктің назарын аударып отыр, - дейді ол.
Егер бұл әдіс толық дәлелденсе, стоматологияда жаңа кезең басталуы мүмкін. Яғни болашақта тіс жоғалту - қайтымсыз мәселе болмай, адамның өз тісі қайта шығатын жағдайға айналуы ықтимал. Осы уақытқа дейін жоғалған тістерді қалпына келтірудің жалғыз жолы - протез салу немесе имплантация жасау еді. Бұл тәсілдер міндетті түрде хирургиялық араласуды талап етеді әрі асқыну қаупін жоққа шығармайды. Басқаша балама болған емес.
Жапон ғалымдарының бұл жаңалығы стоматологиядағы қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгертеді. Енді мәселе жасанды тісті орнатуда емес, адамның өз тісін қайта өсіруде болып отыр. Егер әдіс тиімді екенін дәлелдесе, регенеративті стоматология тістің жартылай немесе толық жоғалуын емдеудің жаңа стандартына айналуы мүмкін.
Бұл зерттеу әлемде қарқынды дамып келе жатқан регенеративті медицина бағытымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда ғалымдар жүрек, бауыр, жүйке тіндері мен аяқ-қолды қалпына келтіру жолдарын іздеп жатыр. Алайда адам тісін қайта өсіретін нақты әрі тиімді препарат осы уақытқа дейін болмаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлем бойынша миллиондаған адам тісінің бір бөлігін немесе барлығын жоғалтқан. Бұл тек сыртқы келбетке ғана емес, сөйлеу қабілетіне, ас қорыту жүйесіне және психологиялық жағдайға да кері әсер етеді, өмір сапасын төмендетеді.
Егер тісті регенерациялайтын дәрі қолданысқа енсе, стоматологиялық емдеу аз жарақатты, қолжетімді әрі арзанырақ болмақ. Ең бастысы - бұл жаңалық миллиондаған адамға протез бен операцияға тәуелді болмай, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді.
Зерттеу сәтті аяқталған жағдайда, жапон ғалымдарының еңбегі бүкіл әлем үшін тарихи жаңалыққа айналып, қазіргі медицинаның мүмкіндігі жасанды шешімдерден әлдеқайда алға кеткенін дәлелдейді.