Ым-ишара тілінде сөйлейтіндер қызмет көрсетеді

9 Қазан 2019, 16:32 55522

Елордадағы ерекше дәмхана

Күнделікті өмірде қол қимылымен тілдесетін жандарды жиі кездестіреміз. Алайда он екі мүшесінің сау болғанымен, өзгені естімейтін әрі тілдесе алмайтындар есейгенде екі қолға бір күрек таба алмай біраз әбігерге түседі. Өйткені қазіргі кезде жұмыс берушілердің көбісі мұндай жандарды жұмыспен қамтуға дайын емес. Сондықтан олардың басым бөлігі тігін тігумен не аспаздықпен айналысуына тура келеді. Алайда биылдан бастап тағдырдың қиындығына мойымаған олардың кейбіреулері қызмет көрсету саласында жұмыс істеп,  нәпақаларын тауып, күнелтіп жатыр. Сонымен, құлағында мүкісі бар бірақ еңбекке жарамды қазақстандықтардың жаңа қызметі туралы естіп пе едіңіз?

Қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 685 мыңнан астам мүгедек болса, олардың 421 мыңы еңбекке жарамды екен. Құлағы естімейтін 18 мыңнан астам жанның бүгінде  тек 5 мыңға жуығы жұмыс істесе, сөйлей алмайтын 4500-ден астам адамның мыңға жуығы ғана еңбек етіп жүр. Ым-ишара тілінде сөйлесетіндер мемлекеттен жәрдемақы алса да, өзге адамдар секілді еңбек етіп, өмірде үлкен табыстарға жеткісі келеді. Бірақ та жұмыс берушілердің көбісі олардың үнсіз әлемнің өкілі екенін білгенде жұмысқа алудан бас тартып жатады. Қоғамда мүмкіндігі шектелетін жандардың осындай қиын өмірін елордалық дәрігер-анестезиолог Азамат Базылов өте жақсы біледі. Себебі оның ағасы кішкентай кезінде денсаулығынан зақым алып, есту мүмкіндігінен айырылған екен. Содан ол жұмыс таппай, амалсыздан пойыздарда қалам, газет, журнал секілді ұсақ-түйектер сатып, отбасын асыраған. Алайда осылай нәпақасын тауып жүргенде суық тиіп, бүйрегі ауырып, төсекке таңылады. Осы кезде Азамат Базылов құлағы естімесе де ағасы секілді елімізде еңбекке жарамды көптеген адам қоғамға өз  пайдасын әкеле алатындығы жайында ойлана келе, өзгелер секілді олардың да жұмыс істеп, адамдармен араласып, қоғамның бір бөлігіне айналу үшін кафе ашуды жоспарлайды.

­­­– Бұл істі бастамас бұрын мен әлеуметтік кәсіпкерлердің семинар-трениингтеріне қатысып, ақпараттар алып, тәжірибе жинай бастадым. Себебі, бұл – менің алғашқы кәсібім. Әлеуметтік кәсіпкерлік жайында кеңінен таныса бастағанда  өзімнің бизнес жоспарымды кезең-кезеңімен жаздым. Тіпті  алда мені қандай қиындықтар күтетінін  білдім әрі  соған дайын болдым. Ал бұл дайындығым маған бизнесті бастаған уақытта көп жәрдемдесті, - дейді жас кәсіпкер Азамат Базылов.

Фотода: Азамат Базылов

Жас кәсіпкер ерекше жандарды жұмысқа алу жайында әлеуметтік желіде хабарландыру таратады. Кейін елорданың оң жағалауынан   жалға алған кафенің жөндеу жұмыстарын бастап кетеді. Содан көп күттірмей республиканың түкпір-түкпірінен бұған құлағы естімейтін мен сөйлей алмайтындар қызығушылық танытып,  хабарласа бастайды. Тіпті олардың кейбірі кафе ашылмастан бұрын келіп, жөндеу жұмыстарына  көмектескен.

­- Бізде жұмыс істейтіндердің дені жастар және үшінші топтағы мүгедектер. Олардың ең кішісінің жасы 18-де болса, ең үлкенінің жасы 28-де. Алғашында үш аспазшы мен бармен алғанбыз. Олар біздің жаңа қызметкерлерімізге түрлі тамақтарды әзірлеуді, сусындарды құю мен шәй демдеудің қыр-сырын үйретті. Қазір сол үш аспаздың тек біреуі қалды. Өйткені жас  аспазшыларымыз бірнеше тамақтың рецептілерін аз ғана уақытта тез меңгеріп алды, - дейді Азамат Базылов.

Ерекше жандар қызмет көрсететін мұнда бірі ­– даяшы, ендібірі –  аспазшы болып жұмыс істейді. Тамақтың түр-түрін әзірлейтін 22 жастағы қызылордалық Гүлжайна Ерғали кішкентай кезінде салқын тигеннен құлағы ауырып, есту қабілетінен айырылып қалған. Осыдан екі жыл бұрын елордалық колледждердің бірінде дизайнер мамандығы бойынша бітірген ол жұмыс таппағандықтан, біршама уақыт тігінші болып жүрген. Тігіншілік оң жамбасына келмей, жұмыссыз да қалыпты. Содан әлеуметтік желіден хабарландыруды естіп, осында келген.

Фотода: Гүлжайна Ерғали

Басында қобалжу болғанымен біртіндеп үйреніп кеттім. Жұмыс барысында аса қатты қиындықтар болған жоқ. Өйткені үйде бос уақытымда түрлі дәмді тамақтар әзірлейтінмін. Соның көп пайдасы тиіп жатыр. Жалпы жұмысым өзіме қатты ұнайды, - дейді ым-ишара тілінде аспазшы Гүлжайна Ерғали.

Ал 24 жастағы Ринат Нұрым администратордың көмекшісі болып қызмет етеді. Арнайы жұмыс үшін Алматыдан келген оған құлағындағы құрылғы келушілермен тілдесуіне мүмкіндік береді.

Алматыда тұрғанда жұмысқа орналасу өте қиынға соқты. Көбісі  қызметке ала бермейді. Содан әлеуметтік желіден хабарландыруды көріп, бірден хабарласып, тамыздың 15-інде жұмысымды бастап кеттім. Бұған дейін кафелерде жұмыс істеп көрмегендіктен басында қиын болды. Бірақ тамақтардың атауын жаттап, тез үйреніп кеттім. Жұмыс барысында даяшылар мен бармендерге көмек керек болса, ым-ишара тілінде  түсіндіріп айтамын, - дейді үшінші топтағы мүгедек Ринат Нұрым.

Аз уақытта жылдам әрі иісі аңқыған дәмді түрлі шәй демдеудің шебері болып алған Ерлан Жексенбеков туа  бітті саңырау екен. Бірақ өмірінен күдерін үзбеген ол осы уақытқа дейін жұмыссыздардың қатарында болған. Нұр-Сұлтанда кафенің ашылатынын естігенде Алматыдан көшіп келіпті.

Фотода: Ерлан Жексенбеков

Құлағым естімегендіктен, жұмыс таба алмадым. Қазір мен мұнда бармен болып жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Алғашында іштей қорқыныш болғанымен, қазір кедергілерді жеңуге тырысып жүрмін, - дейді бармен Ерлан Жексенбеков.

Азамат Базылов жұмысқа алынған қызметкерлер ісіне өте тиянақты қарайтынын айтады.  Құлағы естімесе де, сөйлей алмаса да олар келушілерге дәмді тамақтар ұсынып, сапалы қызмет көрсетіп жүр. Ал ас мәзірінде тамақтар атаулары суреттерімен бірге берілген әрі келушілер үшін стол үстінде ишарат әліппесі қойылған.

70 жастағы Шапиға Мұқашева мұнда қызы және немерелерімен жиі келіп тұрады екен.  Жақын маңда тұратын олар бір жағынан қыдырып, бір жағынан ерекше адамдардың жұмысын қолдап келетіндігін айтады.

Мұндай адамдарды қолдап, жұмыспен қамтамасыз етіп жатқаны жақсы бастама деп ойлаймын. Бұл  оларға адамдармен араласуға әрі қосымша табыс табуға жақсы мүмкіндік. Бізге қызмет көрсеткен даяшы сөйлей алғанымен, жақсы естімейді екен. Сондықтан тапсырыстардың кейбіреуін суреттер арқылы көрсеттік. Бір ерекшелігі мұнда кішкентай балаларға да жақсы жағдай жасалған. Олар қабырғаға ілінген мына қағаздарға түрлі-түсті қарандаштармен ұнаған суреттерін салып, уақыттарын қызықты өткізеді, - дейді Шапиға Мұқашева.

Азамат Базыловтың қолы тимеген кездері кафенің ішкі жұмыстарына оның Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген ата-анасы көмектеседі. Бұрын саудагерлікпен шұғылданған анасы Ләззат Санақбекқызы мұндай іске алғаш араласып жатқанын айтты.

Бізде қызмет ететін жандар ақкөңіл, ашық, бәрін іштеріне бүкпей шынайы айтады. Олардың басқа адамдардан ерекшелігі – құлағында мүкістігі бар не өзге адамдармен тілдесуінде емес, өтірік айта алмайтындығы дер едім. Кез-келген шаруаны тиянақты әрі үлкен жауапкершілікпен орындайды. Банкеттер болғанда қыз-жігіттеріміз ым-ишара тілінде өлеңдер айтып, қонақтарымызға тамаша көңіл-күй сыйлайды, - дейді Ләззат Даутова.

Ләззат Даутованың айтуынша, келушілер официанттарға көрсеткен кызметтері үшін үстеме ақша беріп тұратындықтан олардың  ай сайынғы  алатын жалақысы 100 мың болса, ал аспазшылардың табысы  130 мың теңгені құрайды.

Қазір кез келген іске бейімделген барлық қыз-жігіттердің көздерінде оты жанғанын байқауға болады. Тіпті жұмысты жақсарту туралы идеяларымен бөліседі. Еңбекке бейімділігі соншалық кафенің ішіндегі үстел үстіне жабылатын дастарханға дейін өздері тігіп шығыпты. Осылайша олар өздерін мұнда қоғамның толық мүшесі ретінде сезінеді.

Болашағынан әбден күдерін үзген жандардың үміті қайта тұтануға сеп болған Азамат Базылов келешекте осы тәріздес орындарды еліміздің  барлық облыстарында ашуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, аймақтарда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетсем деген асқақ арманы бар.

(Азамат Базыловтың суреті фейсбук парақшасынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: