X компаниясы (бұрынғы Twitter) мен оның иесі Илон Маск жаппай қысқартудан кейін өтемақы талап еткен жұмыстан босатылған қызметкерлермен келісімге келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Associated Press-ке сілтеме жасап.
Сот ісін бұрынғы қызметкер Кортни МакМиллиан бастаған. Ол 2022 жылы Маск әлеуметтік желіні сатып алғаннан кейін жұмыстан шығарылған шамамен 6 мың адамның мүддесін қорғады. Ол кезде компания қызметкерлерінің жартысынан көбі жұмыстан кеткен болатын.
Талапкерлердің айтуынша, басшылық алты айлық жалақы көлемінде өтемақы беруге уәде еткен, бірақ көпшілігі тек бір айлық қана алған немесе мүлде ештеңе ала алмаған.
21 тамызда тараптар істі тоқтата тұру туралы бірлескен өтініш берді. Келесі күні Сан-Франциско соты тыңдауды кейінге қалдырып, құжаттарды рәсімдеуге уақыт берді. Келісімнің шарттары әзірге жария етілмеген, соңғы шешім сот құзырында.
Айта кетейік, Twitter-дегі қысқартудан кейін IT саласында да жаппай жұмыстан босатулар болды. Meta, Google және Microsoft та пандемия кезінде көп адамды жұмысқа алып, кейін шығынды азайту үшін қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болды.