Танымал кәсіпкер және инженер Илон Маск климаттың өзгеруімен күресудің жаңа жолын ұсынды. Оның пікірінше, жасанды интеллект (AI) пен орбитадағы күн энергиясымен жұмыс істейтін спутниктер ғаламдық жылынудың әсерін азайтуға көмектесе алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маск өз ойымен X (бұрынғы Twitter) платформасында бөлісті. Ол болашақта орбитаға шығарылатын ірі спутниктер жүйесі Күн сәулесінің Жерге түсу мөлшерін реттей алатынын айтты.
«Жасанды интеллект басқаратын күн панельдері мен орбиталық құрылғылар Күннің сәулелену ағынын шамалы өзгертіп, температураның шектен тыс көтерілуін болдырмауы мүмкін», — деп мәлімдеді ол.
Масктің айтуынша, бұл технология климаттық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беріп, адамзатқа ғаламдық жылынудың салдарын жеңілдетуге көмектесуі ықтимал. Дегенмен, кәсіпкер әзірге жобаның нақты іске асу мерзімі мен зерттеу барысы туралы мәлімет бермеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай идеялар теория жүзінде қызықты болғанымен, оларды жүзеге асыру үшін астрономиялық қаржы мен халықаралық ынтымақтастық қажет болады. Сонымен қатар, орбитадағы спутниктер арқылы климатқа араласу Жердің экожүйесіне күтпеген әсер етуі мүмкін деген пікірлер де бар.
Илон Маск соңғы жылдары жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Оның Tesla және SpaceX компаниялары да энергия тиімділігін арттыруға, көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып отыр.