Америкалық кәсіпкер Илон Маск қатарынан екінші жыл әлемнің ең бай адамдары рейтингінде бірінші орынға шықты.
Tesla мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы әрі X әлеуметтік желісінің иесі Масктың байлығы 839 млрд долларға жеткен. Ақпан айының басында SpaceX пен оның жасанды интеллект бағытындағы xAI стартапы біріктірілгеннен кейін ол 800 млрд доллар межесінен асқан алғашқы адам атанды.
Рейтингте екінші орынға Google компаниясының тең құрылтайшысы Ларри Пейдж (257 млрд доллар) жайғасты. Үшінші орында - Сергей Брин (237 млрд доллар). Одан кейін Amazon негізін қалаушы Джефф Безос (224 млрд доллар) пен Meta компаниясының жетекшісі Марк Цукерберг (222 млрд доллар) тұр.
Forbes мәліметінше, биылғы тізімге әлем бойынша 3 400-ден астам кәсіпкер енген. Бұл ретте Қазақстан да жаһандық рейтингтегі үлесін күшейтті. Биыл алғаш рет миллиардерлер қатарына Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахымбаев қосылды. Forbes бағалауынша, Смағұловтың дәулеті 1,3 млрд долларға жетіп, ол жаһандық тізімде 2858-орынға орналасты. Ал Рахымбаев шамамен 1,1 млрд доллармен 3185-сатыға жайғасты.
Қазақстандағы ең бай кәсіпкер ретінде бұрынғысынша Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким көш бастап тұр. Оның байлығы 7,8 млрд долларға бағаланып, әлемдік рейтингте 477-орынды иеленді (бір жыл бұрын - шамамен 7,1 млрд доллар). Владимир Ким де жоғары позициясын сақтап қалды: оның капиталы 5,9 млрд долларға жетіп, 712-орынға көтерілді.
Әлемдік тізімде 780-орында Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева тұр - әрқайсының байлығы шамамен 5,4 млрд доллар. Осы деңгейге Булат Өтемұратов та жақындады: бір жыл ішінде оның активтері айтарлықтай өсіп, 3,7 млрд доллардан 5,4 млрд долларға жеткен.
Ал Тимур Турловтың дәулеті сәл азайған. Егер 2025 жылы Forbes оны 5,8 млрд доллар деп бағаласа, биыл шамамен 5,2 млрд доллар көрсетіп, 823-орынға орналастырды. Сондай-ақ тізімге Вячеслав Кимнің серіктесі Михаил Ломтадзе де енген, оның байлығы шамамен 6 млрд доллар деп көрсетілген, бірақ рейтингте ол Грузия кәсіпкері ретінде тіркелген.
Жалпы, сарапшылардың айтуынша, соңғы бір жылда әлемдегі байлық көлемі айтарлықтай артқан. Миллиардерлердің жиынтық дәулеті рекордтық 20,1 трлн долларға жетсе, алғашқы ондықтың жалпы капиталы шамамен 2,6 трлн долларды құрайды. Осылайша, Қазақстаннан шыққан ірі кәсіпкерлердің саны артып, елдің жаһандық миллиардерлер тізіміндегі үлесі біртіндеп өсіп келеді.