21.07.2025
07:33
7426
Іле-Алатау ұлттық паркінде Сингапур азаматы құтқарылды

Іле-Алатау ұлттық паркінде Сингапур азаматы құтқарылды

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Герань алаңы» маңында жарақат алған Сингапурдан келген туристке көмек көрсетілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, турист бас-сүйек ми жарақатын және аяқ-қолдарынан жарақат алған. Оны эвакуациялау үшін сағат 17:30-да «БАУ» бақылау-құтқару бекетінен бес құтқарушы мен бір техника бірлігі жолға шықты. 

Сағат 18:30-да құтқарушылар оқиға орнына жетіп, зардап шеккен әйелге алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетті және төменге тасымалдауды бастаған. Одан әрі ауруханаға жеткізу үшін «Аюсай» визит-орталығынан жоғары орналасқан шлагбаумға жедел жәрдем бригадасы шақырылды.

Құтқару қызметі таулы жерлерде серуендеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды және алдағы маршрут жайлы туыстарды немесе жедел қызметтерді алдын ала хабардар етуді ескертіп отыр. 

Бұл ретте зардап шеккен туристке құтқарушылар келгенге дейін шұғыл көмек көрсеткен альпинистер Андрей Алмазов, Виталий, Захар Мит және травматолог-дәрігер Доктор Морозовтың кәсібилігі мен жанашырлығы ерекше маңызға ие болғанын айта кетуіміз керек.