28.10.2025
15:42
523
Икемді жұмыс уақыты кімдерге белгіленуі мүмкін? Министрлік түсіндірді

Икемді жұмыс уақыты кімдерге белгіленуі мүмкін? Министрлік түсіндірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасына сәйкес, қандай қызметкерлер икемді жұмыс режиміне көше алатынын және бұл қандай жағдайда мүмкін болатынын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрліктің Еңбек инспекциясы комитетінің мәліметінше, икемді жұмыс уақытының режимі барлық санаттағы қызметкерлерге, соның ішінде қашықтан жұмыс істейтіндерге де белгіленуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, мұндай форматқа көшу қызметкердің өтініші негізінде және жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімімен жүзеге асырылады.

Икемді кесте белгілі бір мерзімге немесе тұрақты негізде енгізілуі мүмкін – ол еңбек шарты жасалған кезде де, жұмыс барысында да бекітіледі.

Еңбек заңнамасы икемді жұмыс уақытын енгізуге болатын қызметкерлердің шеңберін шектемейді. Мұндай режим қызметкердің жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында белгіленуі мүмкін, – делінген ведомствоның 28 қазандағы хабарламасында.

Осылайша, кез келген қызметкердің қашықтан жұмыс істеуге немесе жартылай икемді кестеге көшуге мүмкіндігі бар, бірақ ол үшін жұмыс беруші келісім беруі және сол өзгерістер еңбек шартында ресми түрде бекітілуі керек.

Айта кетсек, министрліктің өзінде жаңа режим сыналып көрген. Нәтижесінде икемді кесте қызметкерлердің өнімділігін арттырып, күйзеліс деңгейін төмендететіні анықталған.