Жыл басынан бері ІІМ криминалдық полициясы іздеуде жүрген 633 қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Олардың ішінде 17 кісі өлтіруші, 15 тонаушы, 9 қарақшы, 7 бопсалаушы және 35 есірткі қылмыскері бар. Қылмыскерлерді іздеу тек Қазақстанда ғана емес, шет елде де жүргізілген. ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов оларды ұстауға Интерпол көмектескенін айтты.
Жалпы Қазақстан аумағынан тыс жерде барлығы 38 адам ұсталды, оның ішінде Түркия, Испания, АҚШ, Швеция, Чехия, БАӘ және Польша сияқты елдерде ұсталғандар бар. Шетелдік әріптестер үшін Қазақстан полициясы ел аумағында 150 қылмыскерді ұстады, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Одан бөлек, жыл басынан бері республиканың криминалдық полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 259 адамның орналасқан жерін анықтады.