Ішкі істер министрлігінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл мереке – ел тәуелсіздігі мен бірлігінің символы. Ведомство басшысы Ержан Саденов жеке құрамды ұлттық мерекемен құттықтап, қызметтегі адалдық пен кәсіби жауапкершілікке ерекше назар аударды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Салтанатты шарада үздік қызметімен көзге түскен тәртіп сақшылары мен ардагерлер мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Ерлік көрсеткендердің қатарында 2006 жылы қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Алмас Алиновтың есімі аталды. Ол масаң күйдегі қарулы қаскөйді ұстау кезінде қаза тапқан. Батырдың "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі 19 жылдан кейін оның жұбайы, полиция қызметкері Айнагүл Алиноваға табысталды.
Жетісу облысы ПД аға инспекторы Айнагүл Алинова жұбайының ерлігі ұмытылмағанына ризашылығын білдіріп, Алмас Алиновтың қызметіне адалдығын атап өтті. ІІМ дерегінше, тәуелсіздік жылдары ішінде қызметтік міндетін атқару кезінде 825 полиция қызметкері қаза тауып, шамамен 5 мың адам жарақат алған.
Марапатталғандардың қатарында Қостанай облысы ПД техникалық маманы, жалпы еңбек өтілі 48 жылды құрайтын Надежда Попова да бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды. Республика күні – елге адал қызмет еткен азаматтардың еңбегі мен ерлігін дәріптейтін, жаңа Қазақстанның құндылықтарын ұлықтайтын маңызды күн ретінде атап өтілді.