ІІМ-де биылғы басым міндеттер айқындалды

13 Қаңтар 2023, 00:35 1007

Бұл туралы ведомствода өткен кеңейтілген алқа отырысында белгілі болды

Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында 2023 жылға арналған басым міндеттер айқындалды, деп хабарлайды El.kz ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өткен жылы үлкен өзгерістерді қолға алдық. Бұл жүйеішілік өзгерістер, ұйымдық-штаттық құрылымды қайта қарау, сервистік тәсілдерді, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу, қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды нығайту. Осы жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.

Қызмет басшыларына тапсырмалар бере отырып, ол назар аударуды талап ететін басым бағыттарды айқындады.

Мүліктік және жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстармен күрес. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мұндай қылмыстардың саны азайды. Оларды ашу көрсеткіші жақсарды. Дегенмен барлық қылмыстардың шамамен 50%-ы ұрлық болып табылады. Біріншіден, “жазаның бұлтартпастығы” қағидатын қамтамасыз етуіміз қажет. Еңбек адамының адал тапқан мүлкі қорғалуы керек. Жұмысқа бара жатқан азаматтар үйінің қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Бұл салада әкімдіктермен, жергілікті қоғамдастықпен, басқа да ұйымдармен бірлесіп әрекет ету керек, – деді министр.

Президент «ауылдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды» қамтамасыз ету міндетін қойды. Бүгінгі таңда ауылды жерлерге 261 учаскелік пункт қажет. Осыған байланысты еліміздің бас полицейі ПД бастықтарына әкімдермен осы мәселені кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.

Марат Ахметжанов заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтауға, тергеудің жеделдігін қамтамасыз етуге, кибер – және есірткі қылмыстарының алдын алуды күшейтуге ден қою керектігін ерекше атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: