ІІМ бір апта ішінде іздеуде жүрген 87 қылмыскерді ұстады

29 Ақпан, 09:00 651

19-27 ақпан аралығында ІІМ жедел уәкілдері ел аумағында іздеуде жүрген 87 қылмыскерді ұстады. Оның 17-сі шетелдік әріптестердің сұрауы бойынша құрықталды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Абай облысында халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды. Ол 2018 жылы Алматыда топ құрамында алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтірген. Оның екі сыбайласы бұрын ұсталып, сотталған. Түркістан облысында “Жібек жолы” бекетінде шекарадан өтпек болған Өзбекстан азаматы ұсталды. Ол 2016 жылы өзінің сыбайласымен бірге Ресей Федерациясының Мәскеу облысында үш адамды өлтірген. Жамбыл облысында көрші мемлекеттің құқық қорғау органдарымен аса ірі мөлшерде пәтер ұрлығын жасағаны үшін іздеуде жүрген тағы бір өзбекстандық ұсталды. Қызылордада адам ұрлады деп күдікке ілінген ер адам құрықталды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қаскөй 1996 жылы бірнеше адаммен бірге екі адамға күш қолданып, оларды көлікке отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Бұл қылмысқа қатысы бар тағы бір қылмыскер бұған дейін ұсталған болатын. Шымкентте полицейлер жергілікті тұрғынды ұстады.

Ер адам танысын арзан бағада жанармай жеткіземін деп алдап, оның ақшасын иемденген. Келтірілген шығын 18 млн теңгеге жуық. Алматы облысында шетелдік азаматты ұрып-соғып, оны пышақпен жарақаттаған екі ер адам ұсталды. Барлық қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Бұдан бөлек, республиканың криминалдық полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 53 адамның орналасқан жерін анықтады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: