ІІМ арнайы операциясы: 104 тоннадан астам көкнәр сабаны тәркіленді

6 Қараша 2023, 09:16 731

Айналымға апиынның бір миллионнан астам бір реттік дозасы жіберілмеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Батыс Қазақстан облысының полициясымен және көліктегі полициямен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен құрамында көкнәр сабаны мен апиынның қоспалары бар тағам көкнәрінің шетелден жеткізілу арнасының жолын кесу бойынша кең ауқымды арнайы операцияны аяқтады.

Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қолдауымен құрылған жедел-тергеу топтары Орал, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларының аумағында Алматыда апиын көкнәрін сатып алып, оны еліміздің батысында сатқан сегіз адамды ұстады. Есірткі трафигін Шымкент қаласының 50 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол Ақтөбе мен Оралдағы төрт дүкеннің иесі болып шықты. Сол арқылы күдікті есірткі жасауға арналған көкнәр сабаны мен өнеркәсіптік еріткішті сатқан. Полиция бір мезгілде Астана, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Рудный қалаларында 35 тінту іс-шарасын жүргізіп, күдіктілерді ұстады, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Орал қаласында жүргізілген тінту барысында екі дүкенде 13 қап кептірілген көкнәр сабаны, еріткіші бар қораптар, таразылар, есірткі саудасынан алынған ақша ағындары тіркелген кассалық журналдар тәркіленді.

Ақтөбеде тағы 68 қап көкнәр сабаны, еріткіші бар қаптамалар, кассалық журнал және қылмыскерлер есірткі тасымалдайтын Toyota Highlander жол талғамайтын көлігі тәркіленді.

Шымкентте қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы ұсталды. Оның үйінен есірткі саудасының қаржы ағындары тіркелген алты кассалық журнал, бес қап кептірілген көкнәр сабаны, Toyota Land Cruiser Prado 150 жол талғамайтын автокөлік, сондай-ақ DAF ауыр жүк көлігі табылды.

Алматыда қылмыстық топ мүшелерінің бірі жалға алған қойма үй-жайларына тінту жүргізілді. 22 тоннадан астам көкнәр сабаны, сондай-ақ BMW X5 автокөлігі табылып, тәркіленді. Бір мезгілде көлік полициясы

Астана, Алматы, Қостанай және Рудный қалаларында апиын көкнәрін сату бойынша ортақ отбасылық қылмыстық бизнесті жолға қойған жеті фигурантты ұстады.

Жүргізілген арнайы операциялар нәтижесінде қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды. Олар 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 104 тоннадан астам көкнәр сабаны, 600-ден астам “тропикамид” және “мидекс” дәрілік препараттарының бөтелкелері, шамамен 5 млн теңге, 4 автокөлік және DAF ауыр жүк көлігі тәркіленді. Бұл ретте бір реттік доза үшін 0,2 грамм экстракциялық апиын жеткілікті екенін атап өткен жөн. Осылайша айналымға апиынның бір миллионнан астам бір реттік дозасы жіберілмеді. Тәркіленген өнімнің құны 4 млрд теңгеге бағаланады, – деді Сарқытбай Құсайынов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: