Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды мемлекеттік қызметке баулу мәселелеріне ерекше назар аударады. Осы ретте жастарымыздың да мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі жүйелі жұмысы бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға зор ықпалын тигізді. Халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі берекелі болады» деген ұлағатты сөз бар. Еліміздің табысқа жетуі мен дамуы көп жағдайда сіздердің қажырлы қызметтеріңіз бен жемісті жұмыстарыңызға байланысты екендігін ерекше атап өткім келеді, – делінген ведомство басшысының Telegram-дағы каналында.
Мереке күні сонымен бірге ИИДМ аппарат басшысы Ерболат Мұқаевтың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Ведомствоның бірқатар қызметкерлеріне министрдің атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етіліп, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.