Көлік бағалары қымбаттап жатқанымен, қолжетімді баға, сенімділік және ұзақ мерзімділікті қатар ұсынатын автокөліктерді табу әлі де мүмкін. Сарапшылар техникалық қызмет көрсетуде қарапайым, берік әрі ұзақ пайдалануға лайық бес көлікті атады. Бұл туралы GOBankingRates порталына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, бүгінде сатып алушылар үшін басты талап – баға, сапа және сенімділіктің үйлесуі. Бағалар өсіп жатқан кезеңде сарапшылар тек бастапқы құнға емес, ұзақ мерзімді техникалық шығындарға да назар аударуға кеңес береді. Кейбір үлгілер тұрақты өнімділігімен, арзан күтімімен және жылдар бойы құнын жоғалтпауымен ерекшеленеді.
Автосарапшылар иелеріне ондаған жыл қызмет ететін ең тиімді бес көлікті ұсынды.
Бірінші орында – Honda Pilot, орташа көлемді жол талғамайтын көлік. Бұл модель өзін сенімді отбасылық автокөлік ретінде танытқан. Тежегіш жүйесі қуатты, басқару ыңғайлы және техникалық қызметті сирек қажет етеді.
2025 жылғы Honda Pilot бағасы шамамен 40 мың доллардан басталады, ал қолданыстағы үлгілерді 30 мың долларға табуға болады.
Pilot – бағасы бәсекелестермен тең, ең арзан болмаса да, сенімділердің қатарында, – дейді AutoInsurance.org сарапшысы Мелани Массон. – Майын уақтылы ауыстырып, тежеу жүйесін және шиналарды күтіп ұстасаңыз, қымбат жөндеу қаупі болмайды, – деп толықтырды ол.
Subaru Impreza – нарықтағы ең ұзақ қызмет ететін модельдердің бірі. Дұрыс күтім жасалған жағдайда бұл көлік 322 мың шақырымнан (200 мың миль) артық жол жүре алады.
2026 жылғы үлгі 26 595 доллардан басталады.
Кейбір арзан көліктердің сапасы күмәнді болса, Subaru Impreza сатып алушыларға толық жетекті басқару, қауіпсіздік жүйесі және кез келген ауа райына бейімделгіштік ұсынады, – дейді Findbyplate компаниясының директоры Рут Калкинс.
Әлемдегі ең сенімді көліктердің бірі саналатын Toyota Corolla – үнемділік пен қауіпсіздікті қатар ұсынады.
2025 жылғы базалық үлгі 28 мың доллар шамасында.
Corolla – нағыз еңбекқор көлік, – дейді Мелани Массон. – Күнделікті пайдалануға төзімді және 15 жылдан кейін де сенімділігін жоғалтпайды. Сонымен қатар отынды үнемдейді және нарықтағы бағасын жақсы сақтайды, – деп атап өтті сарапшы.
Honda Civic – ұзақ мерзімділік пен сапаның символына айналған модель. Ол жоғары сапалы жинақталуымен, үнемді қозғалтқышымен және сенімді бөлшектерімен ерекшеленеді.
2026 жылғы Honda Civic бағасы 24 595 доллардан басталады.
Бағасы қолжетімді болғанымен, Honda Civic – сапалы функциялар мен сенімді құрамдас бөлшектердің тамаша үйлесімі. Бұл – ақшаны ақтайтын инвестиция, – дейді Рут Калкинс.
Тізімді Toyota RAV4 аяқтайды – бұл практикалық, жол талғамайтын және ұзақ мерзімге арналған кроссовер. Уақтылы күтім жасалса, ол 200 мың мильге дейін қызмет ете алады.
2025 жылғы үлгінің бағасы 30 мың доллардан басталады.
Мамандардың айтуынша, бұл бес көлік – баға, сенімділік және күтіп ұстау шығындарының ең тиімді үйлесімін ұсынатын үлгілер. Яғни оларды «жылдар бойы мінуге арналған көлік» деп атауға болады.
Бұған дейін еліміздің климаттық жағдайына бейімделген лайфхактар туралы жазғанбыз.