И.Ильин атындағы спорт алаңы ашылды

26 Мамыр 2015, 08:57

Бүгін Қызылордада ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин атындағы спорт алаңы ашылды.

Бүгін Қызылордада ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин атындағы спорт алаңы ашылды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл спорт алаң зілтеміршінің өз қаражаты есебінен салынды. Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның демеушілігімен 30 миллион теңге қаржы бөлініп, спорт алаңы қайта жаңғыртудан өткізілді.

Спорт алаңының аумағы толық қоршалып, 121 күл-қоқыс жәшігі, 64 дана орындық, 158 дана жарық шамдары орнатылды. Шағын футбол, шахмат, балалар ойыналаңы мен тренажер және стритбол алаңдары пайдалануға берілді.

– Облыста спортқа қызығушылық танытушылардың қатары күннен-күнге артып келеді. Биыл Қызылорда қаласында бокс орталығы мен ипподром, Нағи Ілиясов ауылында стадион мен спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, қала орталығында Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан спорт кешені және 3 мың орындық жабық футбол манежі бой көтереді. Мұның барлығы бұқаралық спортты дамыту үшін жасалып жатқан жасампаз жұмыстар, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Айта кетейік, шара Олимпиада чемпионының туған күніне жерлестерінің атынан үлкен сый болды. Спортшыларға қолдаудың артып келе жатқанына зілтемірші Илья Ильин ризашылығын білдірді.

Салтанатты шарадан соң шағын футболдан әуесқойлар арасында жазғы маусым лигасының ойындары өткізілді.

Жетістіктері:

2005 жылы Пусанда жастар арасында өткен Әлем чемпионатында (85 келі салмақта) қоссайыс бойынша жалпы есепте 374 келін бағындырып (жұлқа – 168, серпе – 206), Әлем чемпионы атанды.2005 жылы Дохада өткен Әлем чемпионатында (85 келі салмақта) жалпы есепте 386 келіні бағындырып (жұлқа – 170, серпе – 216), серпе көтеруден, сондай-ақ қоссайыс бойынша әлемдік рекордты жаңартты. Әлем чемпионы атанып қана қоймай, біріншіліктің ең жас әрі ең үздік зілтеміршісі атанды. Бес дүркін Әлем чемпионы атанған Анатолий Храпатыйдан кейінгі әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық атлет болды.2006 жылы Ханчжоуда (Қытай) жастар арасында өткен Әлем чемпионатында (94 келі салмақта) жалпы есепте 401 келіні бағындырып (жұлқа – 176, серпе – 225), Әлем чемпионы атанды.2006 жылы Санто-Домингода (Доминикан) өткен Әлем чемпионатында (94 келі салмақта) жалпы есепте 392 келіні бағындырып (жұлқа – 175, серпе – 217), екінші рет Әлем чемпионы атанды.2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында (94 келі салмақта) жалпы есепте 401 келіні бағындырып (жұлқа – 175, серпе – 226), жеңімпаз болды.2007 жылы Илья Ильин барлық жарыстардан бас тартып, 2008 жылы өтетін Пекин Олимпиадасына дайындалды.2008 жылы Пекин Олимпиадасында (94 келі салмақта) жалпы есепте 406 келіні бағындырып (жұлқа – 180, серпе – 226), алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды.Олимпиада ойындарынан кейін Илья Ильин 1 жыл демалыс алды.2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында (94 келі салмақта) жалпы есепте 394 келіні бағындырып (жұлқа – 175, серпе – 219), жеңімпаз болды.2011 жылы Парижде өткен Әлем чемпионатында (94 келі салмақта) жалпы есепте 407 келіні бағындырып (жұлқа – 181, серпе – 226), үшінші рет Әлем чемпионы атанды.2012 жылы Лондон Олимпиадасында (94 келі салмақта) жалпы есепте 418 келіні бағындырып (жұлқа – 185, серпе – 233), екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.Серпе көтеруден, сондай-ақ қоссайыс бойынша әлемдік рекордты жаңартты.Илья Ильин Қазақстан тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған әзірге жалғыз спортшы.2014 жылы Алматы қаласында Әлем чемпионатында (105 келі салмақта) жалпы есепте 432 келіні бағындырып (жұлқа – 190, серпе – 242), төртінші рет Әлем чемпионы атанды. Серпе көтеруден әлемдік рекордты жаңартты.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

 

Бөлісу: