Hyrasia One: Қазақстанда алғашқы геологиялық бұрғылау жұмыстары сәтті басталды

21 Маусым 2023, 16:00 1096

Қазақстанда алдын ала жобалау-іздестіру жұмыстары (алдын ала FEED) және алғашқы геологиялық бұрғылау жұмыстары сәтті басталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов және SVEVIND бас директоры Вольфганг Кропп Hyrasia One жобасы аясында геологиялық жұмыстарды бастады.

Hyrasia One мен Genesis консалтингтік компаниясы (Француздық инженерлік-технологиялық Technip Energies холдингінің еншілес компаниясы) алдын ала жобалық-іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшартқа қол қойды.

Алдын ала жобалау және іздестіру жұмыстары маңызды технологиялық шешімдерді қабылдау үшін қажетті нәтижелер береді және Hyrasia One жобасын жүзеге асыруды нақты жоспарлау үшін негіз қалайды.

Бұл зерттеулер тәуекелдерді азайту және «жасыл» сутегіні өндіру зауытын салу процесінде нақты жоспарды құру бойынша шешуші қадам болып табылады.

Жоспарланған жұмыстың көлемін екіге бөлуге болады. Жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз ету жүйесінің парктері және сутегі мен аммиак өндіру бойынша өнеркәсіптік нысандарды алдын ала жобалау және іздестіру жұмыстары. Сонымен қатар, алдын ала жобалау және іздестіру жұмыстары барлық қажетті техникалық құралдарды анықтайды. Оларға су тұщыту және ауаны бөлу қондырғылары, сондай-ақ су ресурстарын басқару кіреді.

Анықтама үшін: Technip Energies энергетикалық ауысу саласындағы әлемдегі жетекші инженерлік-технологиялық мекеме болып табылады және инженерлік-техникалық әлемдік бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру және 60 жылдық тәжірибе тарихына сүйенеді. Толығымен Technip Energies компаниясына тиесілі Genesis компаниясы энергетика және жаңартылатын энергия секторларына жоғары сапалы кеңес беру қызметтерін ұсынуға бағытталған нарықтағы жетекші компания болып табылады.

Сондай-ақ Hyrasia One жобалық аймақтарына сапары барысында президент Штайнмайер мен Қазақстан Республикасының премьер-министрі А.Смайылов SVEVIND холдингінің бас директоры Вольфганг Кропппен бірге Hyrasia One жобасы аясында геологиялық жұмыстарына бастама берді.

Геологиялық бұрғылау жұмыстарының басталуы Hyrasia One жобасының дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді. Бұл процесс жер асты түзілістерін нақты талдау және жобаның келесі кезеңдерін іске асыру үшін маңызды деректермен қамтамасыз етеді.

Жобаның маңызды кезеңін президент Штайнмайермен және Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловпен бірге бастау мен үшін үлкен мәртебе болды. Олардың осында болуы мен қолдауы жасыл сутегі өндірісінің маңыздылығын көрсетеді. Әлемде мұндай көлемдегі жасыл сутегі өндіру жобасы әлі жүзеге асырылған жоқ. Сондықтан жәй ғана жабдықтарды жеткізіп, құрылысты бастап кете алмаймыз. Біз нақты, мұқият жоспарлауды және талдауды қажет ететін бұрын-соңды болмаған жаңа жобаны жасап жатырмыз. Біз Genesis және Technip Energies секілді тәжірибелі серіктесіміздің болғанына қуаныштымыз, - деді Вольфганг Кропп.

Айта кету керек, жобаны іске асыру аясында жалпы қуаты 40 ГВт күн және жел парктерін салу жоспарлануда. Бұл 2 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутекті шығаруға мүмкіндік береді, оны 11 миллион тонна «жасыл» аммиакқа айналдыруға болады.

Hyrasia One жобасымен біз энергияның ауысуына үлес қосамыз. Жоба өнеркәсіптік ауқымда сутегі немесе аммиак өндіруді көздейді және оны Еуропа мен Азияға үлкен көлемдерін тасымалдауға мүмкіндігі бар, сонымен бірге Қазақстан экономикасының экологиялық таза өнімге көшуіне елеулі үлес қосады, - деді В.Кропп.

Қолда бар және сирек кездесетін металдар сияқты шикізаттың үлкен көлемімен бірге жасыл энергия Қазақстанға «жасыл» болат, алюминий, тыңайтқыштар мен цемент сияқты жоғары сапалы, экологиялық таза өнімдерді шығару үшін орасан зор мүмкіндіктер жасайды.

Оған қоса, компания өңірдегі білім беру жобаларымен белсенді айналысуда.

Облыста мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Және біз эксплуатация кезеңінде жергілікті жұмысшылардың кем дегенде 90 пайызын осы жұмыс орындарына тартуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін, әрине, біліктілігі жоғары инженерлер керек. Осыған орай,  біздің бастамамызбен жергілікті Ш.Есенов атындағы университеттің негізінде Тұрақты инженерия институты құрылды. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап студенттерді қабылдай бастайды. Сондай-ақ біз осы оқу бағдарламасын ішінара қаржыландыруды өз мойнымызға алдық, - деп қосты SVEVIND басшысы

Сапар нәтижесінде Ф.Штайнмайер мен А.Смайылов энергетикалық ауысу аясында, сондай-ақ Қазақстан-Германия энергетикалық әріптестікті дамыту аясында «жасыл» сутегіні өндіру жобасының маңыздылығын атап өтті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: