Хромтау тұрғыны 13 күн бойы қымбат алкогольді тегін ішкен

8 Желтоқсан 2023, 17:39 1849

Бір ай ішінде дүкеннен 13 рет ішімдік ұрлаған Хромтау тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

29 жастағы жігіт бір ай ішінде Хромтау қаласында орналасқан супермаркеттердің біріне 13 рет келіп, әрқайсысында 1 бөтелке алкоголь өнімін жасырын жымқырып отырған. Дүкен сөресіне қойылған бөтелкелердің ішінде оны құны 8 мың және 9 мың теңгені құрайтын виски өнімдері ғана қызықтырған.

Қараша айының басында супермаркетке келген азамат сөреден 1 бөтелке алкоголь өнімін алып, күртесінің ішіне салып жасырын алып шыққан. Мұны ешкімнің байқамағанын білгеннен кейін ол ертеңіне дәл сол жерге тағы келіп, осы заңсыз әрекетін қайталаған. Осыдан кейін жігіт мұны әдетке айналдырған.

Тіпті бір күнде екі рет: түске дейін және түстен кейін келіп, әрқайсысында 0,5 немесе 0,7 литрлік бір бөтелке вискиді тегін әкетіп отырған. Бұл туралы полицияға желтоқсан айының басында 43 жастағы кәсіпкер арызданды. Ұрланған алкоголь өнімдерінің салдарынан кәсіпкерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 мың теңгеден асты.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу және бейнекамералардың жазбаларын зерделеу барысында полицейлермен күдікті хромтаулық жігіт анықталып, ұсталды. Ол ұрлаған алкогольдік өнімдердің барлығын ішіп тауысқанын жеткізді. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 187-бабымен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: