Хоккей: «Барыс» жеңіске жетті

16 Қыркүйек 2023, 19:20 516

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасында алтыншы ойынында Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасынан басым түсіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы бұдан бұрынғы бес кездесуінде қарсыластарынан жеңіліс тапқан болатын.

Сондықтан бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салды. Оған реесйлік клуб барынша қарсылық көрсетті.

Ойынның 5-минутында «Барыс» сапынан Джозеф Лабейт есеп ашса, одан кейін «Адмирал» қатарынан Максим Чудинов 16, Павел Шэн 24-минутта екі шайба соғып кетті.

Ал, 26-минутта Джереми Бракко таразы басын теңестірсе, Джованни Фьоре 40-минутта қайтадан «Адмирал» командасын алға шығарды.

Ойынның 42, 53-минуттарында «Барыс» капитаны Роман Старченок қос шайба соғып, өз командасына жеңіс алып келді.

Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 18 қыркүйекте елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.

Берік Арманов
Бөлісу: