Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, химия және мұнай-газ химиясы салаларын дамытудың стратегиялық маңызына ерекше тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысының сөзінше, химия өнеркәсібі ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс сияқты басқа да салалардың дамуын қамтамасыз етеді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,7%-ға ұлғайса, мұнай-газ химиясында өсім 50%-дан жоғары болды. Химия өнімдерінің экспорты 2 миллиард доллардан асты, бұл 2023-ші жылғы деңгейден 13%-ға артық. Биылғы I тоқсанда да оң динамика сақталып отыр, – деді Олжас Бектенов.
Бұдан өзге премьер-министр химия саласы 12,5%-ға өскенін жеткізді.
Елімізде химия және мұнай-газ химиясы секторында 12 ірі кәсіпорны жұмыс істейді. Олар минералды тыңайтқыштар, бейорганикалық және органикалық химиялық заттармен қатар ауқымды өнім спектрін шығарады. Атырау облысында жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты Орталық Азия өңіріндегі осы бағыттағы ең ірі кәсіпорын болып табылады. Былтыр жобаның II кезеңі – полиэтилен өндірісінің құрылысы басталды. Бұл – отандық өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жоба, – деді Үкімет басшысы.