ХІХ ғасырда ғарышқа ұшу туралы ойды айтқан адамды Байқоңырға жер аударғаны рас па?

21 Қазан 2023, 15:48 1567

1961 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан Юрий Гагарин мінген «Восток» зымыран тасығышы ұшы-қиыры шексіз кеңістікке бет алды. Бұл сәт адамзат баласының алғаш рет ғарышқа ұшқан күні ретінде әлем тарихында мәңгіге сақталды. Ал Ресейде бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын айға ұшу, ғарыш туралы әңгімелер айтып, оны жұртқа насихаттаған адамды Мәскеудің губерниялық соты Байқоңырға жер аударған көрінеді. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы оқиғаның қаншалықты рас екенін зерттеп, шолу жасап көрді.

ХХ ғасырдың орта шенінде АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы бәсекенің бірі ғарышты игеру болатын. Әрбір ұшырылған зымыран сәтсіздікке ұшыраған сайын «Қай ел ғарышты алғашқы болып бағындырады?» деген сұрақ күннен күнге маңызын арттыра түскен еді. Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын жер енді» деген өлеңінің жазылуы да осы кезбен тұспа-тұс келеді. 
Бірде белгілі этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Ойтолғақ» кітабын парақтап отырып, мына бір оймақтай ғана сөйлемге көзіміз түсті. 

"Мәскеу губерниялық сотының архивіндегі дерек бойынша 1848 жылы Никифор Никитин деген мещанның ісі қаралған. Сот былай деп үкім шығарыпты: "Адамның айға ұшуы жөнінде сөз сөйлеп, ұғымға жат пиғыл білдіргені үшін мещан Никифор Никитин қазақтардың қонысы Байқоңырға жер аударылсын..." ("Ойтолғақ", 65-бет.).

Ғарыш туралы әңгіме айтқан адамды Байқоңырға жер аударуы кездейсоқтық болғанымен, мещан мекендеген қаладан араға ғасырдан астам уақыт салып адамзат баласының алғаш рет ғарышқа ұшуы шынымен таңқаларлық оқиға. 

Марқұм қаламгер Ақселеу Сейдімбек бұл деректі кезінде КСРО-ға тарайтын басылымдардың бірінен оқыған болуы мүмкін. Дегенмен мұны тексере келгенде жарты ғасырдай уақыт бұрын КСРО-дағы көптеген газеттерде осы мазмұндағы мақалалар жарияланған екен. 

Әуелі «мұрағатта шаң басып жатқан дерек» туралы 1974 жылы Украинаның Днепропетровсіден шығатын «Днепр вечерный» басылымына қаланың өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Пименов есімді адам мақала жазған. Онда «Московские губернские ведомости» газетінің 1848 жылғы нөмірі музейде сақтаулы екенін айта келе, сот үкімі туралы кішкентай ақпараттың жария болғанын жеткізген. 

Кеңес заманында провинциядағы басылымға шыққан мақаладағы бір ғана сөйлем осылайша КСРО кеңінен шарлап кетіп, талқыға түскен. Бұл дерек ауыздан ауызға айтылып, тіпті тарихи кітаптарда бұл туралы жазыла бастаған. Ал украиналық Андрей Аксюта сынды ақындар мешанник Никифор туралы өлеңдер жазып тастаса керек. Көпшілігі бұл ақпараттың рас екеніне күмән келтірмеген. Тіпті «Иллюстрированная история Казахстан» атты энциклопедияға тарихи дерек ретінде еніп, телеарналардағы танымдық-зияткерлік бағдарламаларда мещан Никифор Никитиннің есімі сұрақ ретінде қойылған. 

Ай туралы әңгіме қозғап, оған бару үшін ғарышқа ұшу туралы адамның ойына келмейтін (ХІХ ғасырда) әңгіме айтқан Никифор Никитинді Байқоңырға жер аударғаны жиі айтыла берген соң фактчекингтік «Проверено» басылымының журналистері бұл туралы арнайы зерттеу жасап, Мәскеу мұрағатынан ешқандай дерек таппаған. Кейін Днепропетровскінің тарихи музейінің ғылыми қызметкеріне барғанда ол мұны ойдан шығарғанын мойындап, әңгіменің осыншалықты кең таралып кететінін еш күтпегенін айтқан.   

Осылайша сәтті айтылған әзіл келмеске кеткен КСРО-ға құрамындағы республикалардың тұрғындарын таңдай қақтырып қана қоймай,  олардың көбі ғарыш туралы идеяны Никитин айтып, Байқоңырға ізсалып кетті деген деген мистикаға сенгендей көрінеді.  

Ал шындығында ғарышқа ұшу үшін Байқоңырдың елдімекендерден қашық болуымен қатар, экватор жазықтығына жақындығы ескерілген. Соның негізінде зымыран ұшырудың қауіпсіздігі мен жерге қайтып оралатын ғарыштық нысандардың  қолайлы қонуына мүмкіндігі таңдалған. 

Асқар Таудай
Бөлісу: