Мысырлық атақты египтолог Захи Хавасс Гиза платосындағы соңғы археологиялық қазба жұмыстары барысында Хеопс пирамидасының құрылысына қатысты бұрынғы түсініктерді түбегейлі өзгертетін мәліметтер тапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдар пирамиданың жерлеу камерасының үстінен қабырғаға қызыл охрамен жазылған жұмысшы топтарының атаулары мен олардың жұмыс күндері мен жалақысы жазылған граффитилерді анықтаған.
Бұл жазбалар бұған дейін Вади-эль-Джарф папирусында кездескен мәліметтерді толықтай қайталайды. Осылайша, зерттеушілер Хеопс пирамидасын құлдар емес, кәсіби маусымдық жұмысшылар салғанын растап отыр.
Захи Хавасс бұл пікірін мынадай деректермен бекіте түсті:
«Қазба кезінде біз ондаған ірі қара мен ұсақ малдың сүйектерін — атап айтқанда, 11 сиыр мен 33 ешкінің қалдықтарын таптық. Бұл — күніне 10 000 адамды тамақтандыруға жеткілікті мөлшер. Мұндай тағам рационы құлдардікінен едәуір жоғары деңгейде болған, олар көбіне тек қайнатылған жасымықпен шектелетін».
Сонымен қатар, пирамиданың маңынан тұрғын үйлер, қоймалар, наубайхана, тіпті лазарет (дәрігерлік пункт) табылған. Қабырғаларда «пирамиданың оң жағындағы аумаққа жауапты бақылаушы» немесе «аға шебер» сынды лауазымдық атаулар да кездескен. Бұл мәліметтер жұмысшылардың әлеуметтік мәртебесі болғанын және ұйымдасқан құрылымда еңбек еткенін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін археологтар Хеопс пирамидасының ішінде ұзындығы шамамен 30 метр болатын жасырын бос кеңістік тапқан еді. Бұл мюондық томография әдісі арқылы, яғни ғарыштық сәулелерді пайдаланып, көлемді құрылымның ішкі көрінісін анықтау арқылы жүзеге асқан.
Жаңа археологиялық деректер мыңжылдықтар бойы қалыптасқан "құлдар пирамида салған" деген түсінікті жоққа шығарып, ежелгі Мысыр өркениетінің еңбек мәдениеті мен ұйымшылдығы туралы тың көзқарас қалыптастырып отыр.