29.11.2025
12:07
506
Хайп керек болса, Димаш сияқты әдемі жасасын - Құрмаш Махан

Хайп керек болса, Димаш сияқты әдемі жасасын - Құрмаш Махан

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Махан қазіргі жастар арасындағы хайп мәдениетіне қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол бұл пікірін  El.kids YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

Әнші жас орындаушылардың арасында танымалдыққа жету үшін түрлі шулы әрекеттерге бару үрдісі қалыптасқанын жасырмайды. Дегенмен, оның пікірінше, мақсатқа жету жолында болмысқа, ұлттық тәрбиеге және мәдениетке қарсы әрекеттер жасау — дұрыс емес.

Атым шықсын десең жер өрте дейді ғой. Болмысына қарсы сөз айту, әрекет жасау, ұятты әрекет жасау — ол дұрыс емес. Мұндай хайпты құптамаймын, тіпті қарсымын, — деді Құрмаш Махан.

Ол хайп ұғымын толық жоққа шығармайды. Керісінше, еңбек пен таланттың нәтижесінде қалыптасқан танымалдықты оң қабылдайды. Мысал ретінде әлемге танылған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенді келтіреді.

Біздің Димаш Құдайберген сияқты өзін соншама үлкен деңгейге жеткізген адам бар. Әлем оған есі кетіп қарайды. Мен мұны — әдемі хайп дер едім. Осыған қарсы емеспін, — дейді ол. 

Құрмаш Маханның айтуынша, хайп пен даңқтың айырмашылығы – оның табиғатында. Талант, еңбек пен мәдениетті сақтай отырып қол жеткізілген танымалдық — мақтанышқа лайық.