28.07.2025
10:06
743
Хайнаньға сапар шеккен қазақстандық туристер рекорд жаңартты

Хайнаньға сапар шеккен қазақстандық туристер рекорд жаңартты

Қытайдың әйгілі Хайнань аралы қазақстандықтар арасында барған сайын танымал болып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл экзотикалық бағытқа 40,2 мың отандасымыз барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,4 пайызға көп, деп хабарлайды El.kz интернет порталы «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.

Статистикаға қарап-ақ, Хайнань бүгінде қазақстандықтар үшін жай ғана саяхат емес, сүйікті демалыс орнына айналғанын байқауға болады. Тіпті, Қазақстан Хайнаньға турист көп жіберетін әлемдегі төрт елдің қатарына енген. Дегенмен үздік төрттіктегі қалған елдер атауы нақтыланбаған.

Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Хайнаньға турист ең көп жіберетін ел атанды. Бұл – біздегі шетелдік сапарларға деген қызығушылықтың, әрі Қытайдың туризм саласындағы белсенділігінің нақты көрінісі.

Астана қаласында өткен таныстыру шарасында Қытай тарапы Хайнаньның жаңа туристік бейнесін таныстырды. Арал енді тек күнге қыздырынып қайтатын емес, шипажайлық-сауықтыру туризміне де басымдық беріп отыр. Қатысушыларға арнайы турпакеттер мен жаңа сервистік мүмкіндіктер ұсынылды.

Хайнаньға деген сұраныстың өсуіне бірден-бір себеп – тікелей рейстердің ашылуы. Қазіргі таңда Air Astana мен SCAT компаниялары аралға тұрақты ұшып жүр. Ал Air Astana бұл бағытты одан әрі дамытуға ниетті екенін мәлімдеді – рейстер саны көбейіп, сервистік сапа артады деп күтілуде.

Бұл іс-шара Қытайдың Қазақстандағы Туризм жылы аясында ұйымдастырылды. Және ол екі ел арасындағы туризм мен мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Бір сөзбен айтқанда, Хайнань – ыстық климат, тропикалық атмосфера мен заманауи инфрақұрылымды қатар ұсынатын жайлы бағыт. Ал қазақстандықтар бұл мүмкіндікті қалт жібермей, аралға белсенді түрде саяхаттап жатыр.