Халыққа көмектесу үшін депутаттыққа үміткер болдым - Сапар Рахменшеев

14 Наурыз 2023, 19:51 1395

Біз Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына үміткерлерінің бірі – Сапар Рахменшеевпен кездесіп, бірқатар қызықты мәселелерді талқыладық. Сапар неліктен депутат болғысы келетінін айтып, оның отбасы мен таныстарының бұл шешімге қалай қарағанын білдік. Сонымен қатар, ол бала тәрбиелеудегі кейбір пайдалы кеңестерімен бөлісті.

– Неліктен депутаттыққа сайлануға шешім қабылдадыңыз?

– Елге, халыққа көмектің қолжетімді болу үшін. Әрине, қазіргі таңда да әртүрлі көмек көрсетілуде. Алайда мандаттың бір қасиеті - бірнеше мекемелерді біріктіріп, халықтың мұң мұқтажын, мәселелерін керекті мекемелерге жеткізіп, солардың орындалғанын күту. Ал егер тапсырмалар ойдағыдай орындалмай жатса, солардың орындалғанын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни елімізге қызмет істеу үшін үлкен мүмкіншілік.

– Отбасыңыз бен достарыңыз осы шешімге қалай қарады?

– Отбасым да, туған туысқандарым мен жолдастарым да бұл шешімді өте жақсы қабылдады. Оларға үлкен рахмет, қолдауларын көрсетіп жатыр. Әріптестерім де «депутаттыққа сайланған кезде елге, халыққа қызмет жасауды күшейтесің» - деп үлкен сенімдерін білдіріп жатыр.

– Отбасы жайлы айтсақ, сіз қандай әкесіз? Балаларды тәрбиелеуде қандай ұстанымдарды қолданасыз?

– Қандай әке екенімді, әрине, менің балаларым айтуы керек шығар. Бірақ менің негізгі қағидам – балалармен өзіңнің құрдасың, досың сияқты араласып, сөйлесу. Өйткені балалармен бір деңгейде сөйлессең, олардың әкеге деген сенімі артады деп ойлаймын. Қазіргі таңда біздің қоғамда жетіспейтіні де сол – әке мен бала арасында бір бөгет тұрғандай. Ал ол бөгет мүлде болмауы керек. Неге? Себебі бала білгісі келген нәрсенің барлығын әке мен анадан алуы керек. Ал егер ол үйден жауабын таба алмаса, біз жауап бере алмасақ, олар амалсыздан сырттан, интернеттен жауапты іздей бастайды. Сондықтан мен өзім олармен өзімнің достарым сияқты ақылдасып сырласамын. Мысалы, студенттеріме лекция өткізер кезде, міндетті түрде балаларымнан қандай тақырыптарды козғау керек екенін, оқушыларды қалай қызықтыруға болатынын сұраймын.

 

«SELECT GROUP» ЖШС қаражатынан төленді

Алтынай Искакова
Бөлісу: