Халықаралық конференцияда Арал өңірінің мәселелері талқыланды

22 Қазан 2022, 09:51 2689

Жиында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова баяндама жасады

Қызылордада "Арал өңірінің қоршаған ортасы және халық денсаулығы" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының ашылуы өтті. Жиында Арал өңірі проблемаларына ғылыми көзқарастар және олардың халық денсаулығына теріс әсерін азайту туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz. 

Вице-министр өз баяндамасында Аралдың проблемалары соңғы онжылдықтар ішінде Қазақстан ғана емес, әлемнің басқа да көптеген елдері қатысатын Қазақстан экологиясы проблемаларының ішіндегі ең қиыны болып табылатынын атап өтті.

"Арал өңірі проблемасын БҰҰ өзінің салдарымен Орталық Азия мен планетаның басқа да өңірлерін қозғайтын жаһандық деңгейдегі проблема деп таныды, оны шешу үшін халықаралық қоғамдастықтың күш - жігерін жұмылдыру қажет", - деп атап өтті Айжан Есмағамбетова.

Өңірдің проблемаларын шешудегі Қазақстанның тәсілдері туралы айта келе, вице-министр форумға қатысушыларды Арал өңірі халқының денсаулығын сақтау және нығайту бойынша қабылданып жатқан заңнамалық бастамалар туралы хабардар етті. Мәселен, "Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" ҚР Заңында адами және табиғи әлеуетті дамытуға бағытталған шаралар көзделген, апат аймағында зардап шеккен азаматтардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы айқындалған.

Сондай-ақ, Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты негізде санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіп отырғанын, оның мақсаты тіршілік ету ортасының адам денсаулығына әсері туралы сенімді ақпарат алу, уланудың және инфекциялық, паразиттік және кәсіптік аурулардың өршуінің алдын алу бойынша орындалатын іс-шаралардың тиімділігін бағалау, олардың пайда болуын болжау мүмкіндігі болып табылатынын атап өтті.

Арал өңірі халқының денсаулығы соңғы онжылдықтарда нашарлай беретіні атап өтілді.

"Соңғы 30 жылда халықтың жалпы сырқаттануы 3 еседен астам өсті. Тыныс алу органдары ауруларының деңгейі шамамен бірдей есе өсті, туа біткен ауытқулардың деңгейі 10 есе өсті", - деді вице-министр.

Айжан Есмағамбетова өңірдің қалыптасқан экожүйесінің халық денсаулығына әсерін зерделеу ғылыми зерттеулер жүргізу және нақты жобаларды іске асыру үшін жетекші халықаралық институттардың бірлескен күш-жігері мен ғылыми әлеуетін біріктіруді талап ететінін атап өтті.

"Климаттық дағдарыс шиеленіскен сайын денсаулыққа осындай жағымсыз салдарлар әлемнің басқа елдерінде де байқалатын болады. 2021 жылы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Арал теңізін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялады. Экологиялық және климаттық дағдарыс жағдайында Арал проблемасын зерттеуге мемлекеттердің инвестициялары қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын нығайту саласындағы өңірлік қауіпсіздікке жол ашуы мүмкін", - деп түйіндеді Айжан Есмағамбетова.

Форумға ДДСҰ-ның Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клуге, USAID жобасының жетекшісі Екатерина Стрикелева, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада, Өзбекстан Республикасы Сенатының вице-спикері Садық Сафоев, ҚР Сенатының вице-спикері Асқар Шәкіров, сондай-ақ Финляндия, Швеция, Венгрия, АҚШ халықаралық ұйымдарының экология және халық денсаулығы проблемалары жөніндегі сарапшылары қатысты.

Бөлісу: