Халықаралық гидтер мен туризм ардагерлеріне құрмет көрсетілді

22 Ақпан, 09:40 641

Елордада Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілер күніне орай І республикалық гидтер мен экскурсия жүргізушілер форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумға экскурсия қызметін дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін елдің туристік саласының жетекші мамандары қатысты.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ардагерлерді, еңбек сіңірген гидтерді, экскурсия жасаушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Вице-министр өз сөзінде гидтерге елдегі туризмді дамытуға қосқан көпжылдық үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Гидтер еліміздің оң имиджін және мәдениетімізді келушілерге таныстыруда маңызды рөл атқарады. Сіздердің біліміңіз, тәжірибеңіз және өз жұмысыңызға деген сүйіспеншілігіңіз әр саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдыратыны сөзсіз, - деді ол.

Сондай-ақ вице-министр министрлік гидтердің қызметін реттеуге көп көңіл бөлетінін атап өтті: «Гидтер тізілімін цифрландыру бойынша дәйекті жұмыстар жүргізілуде. Біз қызметтеріміздің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды пайдаланудың әлеуеті орасан зор екенін көріп отырмыз».

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ форум аясында цифрлық тізілімде тіркеуден өткен гидтерге бейдждер табыстады (https://guides.kazakhstan.travel/). Бұл модуль мемлекеттік тізілімді жүргізу процесін жетілдіруге және өзекті деректерге қол жеткізуді жеңілдетуге көмектеседі.

Форум Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен гидтер, экскурсоводтар, туроператорлар және туристік саланың басқа да сала өкілдердің басын қосты. Күні бойы экскурсиялық қызметті дамытудың түрлі аспектілері бойынша презентациялар, пікірталастар және шеберлік сыныптары өтті.

Форумды ұйымдастырушылар мен қатысушылар аталған іс-шара жыл сайын ұйымдастырылатынына және туристік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді деп үміттенеді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: