Халықаралық білім бәйгесінде топ жарған оқушылар

15 Қазан, 18:50 1158

Халықаралық білім бәйгесінде топ жарған қазақстандық оқушылар биік белестерді бағындыруда. 2024 жылы 31 қазақстандық оқушы әлемнің ең беделді олимпиадалары – Халықаралық математика, физика, биология, лингвистика, химия, география және информатика пәндерінен олимпиадаларға қатысып 26 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалардағы жеңісі үшін 5 жарым миллион теңгеден сыйақы алады. Отандастарымыз 2023-2024 оқу жылдарында 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль иеленген. Олар математика, физика, биология, химия сынды пәндік олимпиадаларда топ жарды. Осылайша алтын медаль иегеріне 5,5 млн, күміс жүлде үшін 3 млн 700 мың, қола еншілеген оқушыға 1 млн 800 мың теңге беріледі. Жеңімпаздарды жарысқа дайындаған педагогтер де арнайы ақшалай сыйақы алады.

жеке мұрағат

Сонымен бірге жүлдегерлер Қазақстанның кез-келген ЖОО-да тегін білім ала алады, білім гранты беріледі. Былтырғы жылы оқушылар 23 медаль, оның ішінде 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль еншілеп, 23 оқушы мен 20 педагог жалпы 71,4 миллион теңге сыйақы алған болатын. Ал 2022 жылы 27 оқушы мен 26 педагогқа барлығы 83,7 миллион теңге сыйақы берілген. Биыл 26 оқушыға 77,5 млн. теңге және 24 педагогқа 6,4 млн. теңге сыйақы үлестіріп бермек.

Бұл жетістіктер – президент тапсырмасы бойынша дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесі.

Оқушылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі білікті ұстаздар еңбегінің тікелей көрсеткіші деуге болады. Олар жас таланттарды олимпиадаға жан-жақты дайындап, білімін тереңдетіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға үйретеді. Педагогтардың ынтасы мен кәсіби біліктілігі шәкірттерінің болашақ жеңістерін қалыптастыратыны сөзсіз.

2024 жылы Иранның Исфахан қаласында физика пәнінен өткен халықаралық олимпиаданың IPhO қола медаль иегері Илияс Қазымбек бүгінде Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 10-сыныбында оқиды.

Оқушының сөзінше, APhO және IPhO олимпиадалары – әлемдегі мектеп оқушылары үшін ең қиын олимпиадалар.

жеке мұрағат 

Ондағы тапсырмалар өте күрделі және интернеттен іздеу арқылы ғана танысуға болады. Мен үшін олимпиада ең алдымен эмоция сыйлайтын және естеліктерге толы сәт. Олимпиадаға ешқашан алаңдаған емеспін. Тек қатысардың алдында қобалжу болады. Олимпиаданың барлығы экспедициялар мен түрлі көңілді іс-шаралардың көмегімен алаңдаушылық факторын барынша азайтатындай етіп ұйымдастырылады. Физика пәнінен олимпиадаларға қатысу барысында мен қызығушылығымыз  ортақ көптеген достарды кездестірдім. Бұл жетістікпен тоқтап қалмай, әріқарай жақсы дайындалып, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземін деп ойлаймын, – дейді халықаралық олимпиаданың IPhO қола медаль иегері Ілияс Қазымбек.

Физика пәнінен әлемдік ең беделді IPhO олимпиадасының жүлдегері Ілияс Қазымбектің педагог-тәлімгері Дархан Шадықұл республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі. 1989 жылы өзі де осы оқу ордасын бітірген. Оқушыларды физикадан әлемдік олимпиадаларға дайындайтын тәлімгер-жаттықтырушынің 30 оқушысы бүгінде халықаралық білім додаларының жеңімпазы.

Жоғары деңгейдегі халықаралық олимпиадаларға дайындау өте көп уақытты талап етеді. Біз балаларды 7-8 сыныптан бастап дайындай бастаймын. Оқушылардың көбісі халықаралық деңгейге дейін жете алмайды. 30 шақты баланың ішінен біреуі өтсе, соның өзі бізге жақсы, – дейді педагог-тәлімгер Дархан Шадықұл.

«Мұғалімім тым жұмсақ адам емес. Олимпиадаға дайындық қатаң әрі тұрақты жаттығуды қажет етеді. Сол себепті тәлімгерде де қаталдау мінез болу керек деп ойлаймын», дейді Ілияс Қазымбек.

Иранның Исфахан қаласында физика бойынша 54-ші халықаралық IPhO-2024 олимпиадасында Қазақстан құрама командасы бес марапатқа ие болды. Қазақстанның ұлттық құрама командасы төрт күміс және бір қола медаль жеңіп алып, 100% нәтиже көрсетті.

Олар:

Марғұлан Нұрсағатов Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы;

Досжан Бисемби Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12 сынып оқушысы;

Артур Ким дарынды ұлдарға арналған «Білім-инновация» Ақтөбе облыстық мамандандырылған лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;

Әмір Пішенбаев Астана қаласының «Білім-инновация» дарынды ұлдарға арналған лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;

Ілияс Қазымбек Астана қаласы республикалық физика-математика мектебінің 10 сынып оқушысы. Құрама команданың жетекшілері: PhD докторы, SDU University доценті Самат Мақсұтов, SDU University физика пәнінің мұғалімі Назарәлі Айтжанов.

Халықаралық аренада өз үлестерін қосып жатқан жетекші мектептер қатарында Павлодар қаласының №8 лицейі, Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебі, Жамбыл облыстық «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернаты, Астана, Талдықорған, Шымкент қалаларының Назарбаев зияткерлік мектептері мен қатар Астана, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, ШҚО облыстарының білім-иновация лицейлері, ондай-ақ Алматы қаласындағы «Мирас» және «Haileybury» халықаралық мектептері бар.

International Biology Olympiad халықаралық биология олимпиадасының қола медаль иегері Назарбаев университетінің 1 курс студенті Әмина Тынарбаева аталған олимпиада екі кезеңнен тұрғанын айтты.

жеке мұрағат 

Бірінші теориядан, екінші практикадан тұрды. Өзіме практика қиынырақ болды. Біз теориялық турға 7 сыныптан бастап дайындаламыз, ал практикаға олимпиадаға бірнеше ай қалған кезде дайындалып бастадық. Сол үшін оңайға соқпады. Ал жалпы олимпиадаға дайындық өте қиын процесс. Күні-түні ұйықтамай, бар күш-жігеріңді салып дайындаласың. Көп уақытты талап етеді. Шүкір, соңында жемісін көргеніме қуаныштымын, – дейді Әмина.

Халықаралық биология олимпиадасының қола медаль иегерінің сөзінше, болашақта ол осымен тоқтап қалмай, үлкен арман-мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ететінін айтты.

Биология, яғни ғылым бағытына кетемін деп ойлаймын. Мен бұл олимпиадаға Қызылорда облысында білім-инновация мектеп лицейінде оқып жүрген уақытта қатыстым. Қазір Назарбаев университетінің 1 курсында оқимын, – деді Әмина Тынарбаева.

Халықаралық олимпиаданың жүлдегері Досжан Бисемби Иранда олимпиада екі кезеңнен тұрғанын айтты. Ғылым жолын көздеген оған жарыстан кейін Гонконгтағы университетке шақырту алған. Ал олимпиаданың өзі оңайға соқпағанын айтты.

Иранда өткен олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде отырып есеп шығару. Яғни, бізге үш есеп беріледі. Ұзақ және қиын есеп болады. Екінші кезең техникалық құралдарды пайдалана отырып, тапсырманы орындау. Қазақстан құрамасы үшін осы екінші кезең қиын. Өйткені осыған елімізде қатты дайындала қоймайтын едік. Әр есептің тапсырмасының өзі он шақты беттен тұрады. Сондықтанда жарыста үш есепті шығаруға бес сағат уақыт беріледі, – дейді Досжан Бисемби.

Малайзияның Кампар қаласында Аpho физикадан Азия олимпиадасында 212  қатысушының ішінен топ жарып, күміс медаль еншілеп қайтқандардың қатарында Марғұлан Нұрсағатов та бар. Оған әлемнің 27 елінен 212 оқушы қатысқан. Талапты баланың қабілетіне тамсанған ресейлік оқу орны оған да грант ұсыныпты.

Былтыр да алғаш рет осындай халықаралық жарысқа қатыстым. Сол кезде де күміске ие болдым. Осымен екінші мәрте алып отырмын. Қазақстандық оқушылардың алтын алуына аз ғана талпыныс жетпей жатыр. Қытай, Ресей, Румыния сияқты елдердей олимпиадаға жүйелі дайындалу керек деп ойлаймын, – дейді күміс медаль иегері Марғұлан Нұрсағатов.

Қазақстан құрамасының халықаралық олимпиадаларының жетекшісі Самат Мақсұтов оқушылардың есеп шығаруды үйренгенін айтты.

Біздің оқушылар дайындалу, жоспар құру, отырып бес-алты сағат есеп шығаруды үйренген. Әрине, мұны үйренбесе бұл дәрежеге жете алмас еді. Мен соған мән беремін. Кейін университетте олар физиканы емес, басқа пәнді таңдаса да сол бағытта жетістікке тез жетеді, – дейді Самат Мақсұтов.

Ал Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен 56-шы химиядан халықаралық олимпиадаға 90 елден келген 300-ден астам оқушының арасынан Қазақстан құрамасының төрт мүшесі жүлделі орындарды иеленді. Жеңімпаздар қатарында Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Кирилл Ким алтын медальға қол жеткізді.

жеке мұрағат 

Осындай халықаралық олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Бұған екі жыл көлемінде тыңғылықты дайындалдым. Болашақта мамандығым биохимиямен байланысты болады. Жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік берілетіні қуантады, – дейді алтын медаль иегері Кирилл Ким.

Айта кетейік, 2024 жылы жалпы 1651 қазақстандық оқушы 32 халықаралық олимпиада мен конкурстарға қатысып, 476 медаль жеңіп алды. Олардың 59-ы алтын, 171-і күміс және 246-сы қола медаль. Әрбір үшінші қатысушы жүлдегер атанып отыр. Жылдың соңына дейін тағы екі халықаралық жарысқа қатысу жоспарланған. Бұл жетістіктер еліміздің білім сапасының жоғары екенін және қазақстандық оқушылардың әлемдік білім беру аренасында көшбасшы орын алуға талпынып отырғанын көрсетеді.

Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған педагогтарге мынадай мөлшерде біржолғы сыйақы беріледі:

  1. I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерін дайындаған педагогке - базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшері;
  2. II дәрежелі диплом мен күміс медаль иегерін дайындаған педагогке-базалық лауазымдық жалақының 17, 5 еселенген мөлшері;
  3. III дәрежелі диплом мен қола медаль иегерін дайындаған педагогке-базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.
Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: