Халықаралық байқаушылар Парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайын

14 Ақпан 2023, 19:47 944

 Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі Бас хатшысы – Хатшылығының меңгерушісі Дмитрий Кобицкиймен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында тараптар ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттердің парламентаралық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына халықаралық байқаушылар мониторингтік тобының алдағы сапарының бағдарламасын талқылады. Сондай-ақ, «Санкт-Петербург – ТМД-ның мәдени астанасы 2023» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жоспары қаралды.

Бас консул алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарға кезектен тыс сайлау жаңа, ерекше жағдайларда өтетінін атап өтті. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады.

Конституциялық реформаны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі де айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде бірнеше жаңа саяси партиялар тіркелді.

Сонымен қатар, сайлау процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз етудің тағы бір маңызды жаңалығы депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 30 пайыздық квотаны заңнамалық тұрғыдан бекіту болды.

Бас хатшы Қазақстан мен ТМД ПАА арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жоғары бағалады. Қазақстандағы сайлаға баратын 50-ге жуық адам мониторингтік топтың құрамына кіретінін хабарлады. Олардың қатарында ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттердің жоғары заң шығарушы органдарының депутаттары мен өкілдері, ТМД ПАА Демократияның дамуын бақылау халықаралық институтының сарапшылары бар.

Дмитрий Кобицкий Парламентаралық Ассамблеядан келген байқаушылар өз өз қызметінде әділдік, бейтараптық, сайлауға және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын басшылыққа алатынын атап өтті. Қазіргі уақытта барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысы да жоспарланған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтар арасындағы парламентаралық және мәдени өзара іс-қимыл аспектілері бойынша, соның ішінде этномәдени бағыттағы қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыстар бойынша тығыз байланыстарды жалғастыруға келісті.

EL.KZ
Бөлісу: