Халықаралық әскери спорт кеңесінің басшылары Көшпенділер ойындарына келді

8 Қыркүйек, 12:40 361

Астанада CISM басшыларының делегациясын Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов және Орталық спорт клубының жеке құрамы қарсы алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық делегация құрамында – CISM  Президенті Ролим Фильо Нилтон Гомес, Италия CISM Бас хатшысы Роберто Реккиа және CISM спорт директоры Голландия Қарулы күштерінің өкілі подполковник Ян Ван ден Дул бар.

СІЅМ өкілдері ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті мен ҚР Туризм және спорт министрлігі бейінді комитетінің шақыруымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына құрметті қонақтар ретінде келді.

Conseil International du Sport Militaire – 140 елді біріктіретін әлемдегі пәнаралық спорт ұйымдарының ең үлкендерінің бірі. CISM бейбітшілікті нығайту құралы ретінде қарулы күштер арасындағы спорт пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. 2025 жылы Астанада қазақ күресінен CISM әлем чемпионаты өтеді. Біздің әріптестерімізді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақыру – жарыстарды дайындау мен ұлттық спорт түрлерін насихаттаудың маңызды кезеңдерінің бірі, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.

Сапар барысында шетелдік қонақтар Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайындағы қазақ күресі ұлттық жарысына, сондай-ақ "Көшпенділер әлемі" этноауылы аумағында ұйымдастырылатын мәдениет және ғылым бағыттарындағы іс-шараларға барады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: