«Халық жұмыссыз отыр». Депутат Арқалықтағы жабылған кәсіпорындардың мәселесін көтерді

29 Сәуір, 14:10 613

Мәжілістің Үкімет сағатында депутат Берік Бейсенғалиев Арқалық қаласының тұрғындары кәсіпорындар жабылып жатқандықтан жұмыссыз отырғанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, елімізде жиырмадан астам моноқала бар. Олардың көбінің проблемасы қала құраушы кәсіпорынның кен базасының сарқылуы. Өйткені осындай кәсіпорындарда монақаланың барлық халқы жұмыс істейді.

Мысал ретінде Арқалықты алайық. Арқалықта боксит таусылды, «ERG Group» компаниясы жұмыс орындарын жауып кетті. Осындай жағдайдың болатынын біліп депутаттар 5-6 жыл бойы Үкіметтің алдында осы өңірде жаңа өндіріс ашу бойынша жаңа талаптар қойып келеді. Бірақ Үкімет тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ. Ештеңе салынған да, ашылған да жоқ, халық жұмыссыз отыр. Арқалық кезінде үлкен бір облыстың орталығы болды. Әуежайы жабылды, пойызбен бірнеше бағыты бар еді, оның біреуі ғана қалды. Жалғыз жолы бар еді, оның өзін тасқында су жырып кетті. 100 мыңнан астам халқы бар еді, қазір 30 мың ғана қалды. Оның өзі жұмыссыз отыр. Енді Үкімет тарапынан қандай қолдау болады?, - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап берді.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шаралар қабылданып жатыр. Нақты ақпарат бойынша бірнеше мысал келтірсем. Мысалы, Саран – Қарағандының қасындағы қала, онда 3 зауыт бар. Бірінде шина өндіріледі, екіншісі электроника, үшіншісінде автобус шығарылады. Жалпы 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Саран қаласындағы тұрғындардың саны 30 мыңнан асады. Оны моноқала деп айтуға болмайды. Екінші мысал – Екібастұз. Темір жол машина жасау саласындағы үлкен кластер дамытып жатыр. Арқалық туралы қазіргі таңда біріншіден геология барлау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Екіншіден, осы жерде өнеркәсіпті дамытуымыз керек, - деп түсіндірді министр.

Миражан Махан
Бөлісу: