«Халық жауының» баласы: Әкем Майлинді танығаны үшін атылып кетті

2 Маусым 2023, 17:32 1313

Қуғын-сүргін қасіреті қаншама қазақ шаңырағын ойрандады... Өткен ғасырдың зұлматынан жапа шеккен ұрпақтың бірі – қостанайлық қария Стахан Еленов. Жетімдіктің кермек дәмін бесіктен белі шықпай жатып татып, балалар үйінде өскен.

Бүгінде жасы сексеннің алтауына таяған ақсақал ғұмырының ең шырынды шағы "халық жауының баласы" деген айдармен өткенін әлі күнге өкінішпен еске алады.

Стахан қарттың әкесі Нұрқан 1937 жылы 4 қарашада қазіргі Әулиекөл ауданында жалған жаламен ұсталып, сол кездегі Қостанайдың аты шулы "ақ түрмесіне" қамалған. Дәл сол жылы 3 ақпанда ату жазасына кесіліпті.

Марқұм әкем ол кезде 44 жаста ғана болған екен. Кейін бұл қайғыны көтере алмай, анам да көз жұмды. Әкемнің сондағы бар кінәсі – көрнекті жазушы Бейімбет Майлинді танығанында. Әкем Бейімбетпен Уфа қаласындағы Ғалия медіресесінде бірге оқыған, кемді күн жолдас болған кісі. Майлиннің "халық жауы" деп танылып, абақтыға түскенін естіп, ауылда жүрген әкем: "Бұл – барып тұрған әділетсіздік. Бейімбет халыққа жау емес!" - депті. Осы бір ауыз сөзді маңайындағы қаскөйлердің бірі ҰІІК-не (НКВД) жеткізіп барыпты. Іштен шыққан дұшпан жаман ғой, - дейді кемсеңдеп қария.

Стахан қарттың айтуынша, жеңіл ауыздылар хабар берген күні-ақ түнгі сағат 2 кезінде үйге 3 адам баса-көктеп кіріп, әкесін тұтқынға алып, үйді астаң-кестең етіп қопарып кеткен. Ол бұның бесікте жатқан шағы екен, шырылдап жылапты.

Әлгі нойыс күш нояндары үй ішін аударып-төңкерген кезде сандық түбінен кітап шығып, оның ортасынан әлдебір сурет табылыпты. Ол медіресенің бас мүфтиі: "Бұл қаза болған Алаштың қайраткер азаматының суреті. Сізде сақтаулы болсын", -деп берген аманаты болса керек. Мұны көрген жендеттер: "Бітті, бәлем, құрыған жерің осы!" - деп, әкеме одан сайын айбат шеккен көрінеді, - дейді ол.

Әкесі медіресе бітіріп келісімен молда болып қызметке кіріскен. Бірақ небары 18 күн өткеннен кейін бұл істі де тоқтатыпты. Мұндай шешім қабылдауына да Бейімбет Майлин ықпал етіпті.

Бейімбет әкеме: "Қазіргідей аласапыран уақытта мұндай қызмет қатерлі, молдалықты таста, Нұрқан", - деп кеңес берген екен. Содан әкем қазіргі Б.Майлин ауданына басшылық қызмет істеуге барады. Кейін жұмыс бабымен Торғайдағы Қызбел ауылына жіберілген. Одан соң Әулиекөлге келеді. Міне, сол тұстары жалалылар тізіміне енген ғой, - дейді С.Еленов.        

Оның әкесі кеңес үкіметі күйрердің алдында ғана ақталыпты. Өзі Қостанайдағы сол кездегі МҚК (КГБ) мекемесіне арнайы барған екен. Мақсат – шындықтың түбіне жету.

Мені әлдебір подполковник қарсы алып: "Генерал Гуровтың атына хат жазыңыз, сізге қала ортасынан 3 бөлмелі үй және санаторийге 8 айлық емдеу-сауықтырудан өтуіңізге жолдама беріледі", - деді. Түк те қажет емес екенін айттым. Бар керегі – әкем туралы құжаттарға қол жеткізу. Оның айтуынша, әкеме қатысты құжаттар Владивостоктан алдырылып, қажеттілері ғана іріктеп алынып, қалғаны кейін қайтарылыпты. Қайта сұрау жіберулерін өтіндім. Бір аптадан "Аса құрметті Стахан Еленов, әкеңізге қатысты құжат-деректер қолымызға тиді, келіп танысуыңызға болады" деген рәуіште хат келді. Барып іс материалдарымен таныстым. Жарықтықтың расымен де жазықсыз атылып кеткеніне ақыры көз жеткіздім. Тайға таңба басқандай көрсетілген екен..., - дейді ақыры мұратына жеткенін айқан ақсақал.

Жетімдер үйінде жетіліп, жас күнінен өжет болып өскен ол қатарының алды болды. Оқуда озат, еңбекте үздік, тұрмыс-тіршілікке тиянақты. Бел жазбай еңбек етіп, табысқа да кенелді, абыройға да бөленді. Тек келмес күннің салқын сызы жүрегін қари беретіні болмаса...      

Елге қызмет қылуда аянбадық. Мен Әулиекөл ауданындағы Сұлукөл асыл тұқымды қой зауыты дүрілдеп тұрған шақта 17 жылдай ауылнай болдым. Мұғалімдікке де көп еңбек сіңіріп, мектеп директоры лауазымын атқардым. Алған алғыс та, орден-медаль да қисапсыз. Бірақ әділсіз заманда ешқандай мансап-марапаттан дәметпей, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған аяулы әкелеріміздің ұстанымы басты темірқазығым болып өтті, - деп ойын түйіндеді ақсақал.

Бейбарыс Сұлтанұлы
Бөлісу: