Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы туралы кеңінен түсіндіріп, алдағы реформа елдің саяси жүйесіндегі маңызды өзгеріс болатынын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстың бұрын басталған саяси жаңғырудың заңды жалғасы екенін атап өтті.
Мен биылғы жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді, – деді президент.
Оның айтуынша, бастама қоғамда кең талқыланып жатыр. Парламент құрылымына қатысты түрлі ұсыныстар түсуде.
Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуы тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар, – деді Тоқаев.
Алайда президент депутат санын шамадан тыс көбейтуді қажетсіз деп санайды.
Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет, – деді мемлекет басшысы.
Ол бұл өзгерісті қоғамға дұрыс түсіндіру маңызды екенін атап өтті.
Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет, – деді президент.
Тоқаев заң шығару органының құрамы да сапалы болуы тиіс деп есептейді.
Заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек, – деді ол.
Президент цифрландыру мен өңірлік даму бағыттары бойынша жаңа комитеттер құруды да ұсынды.
Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді, – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін түзетулер ауқымды болады.
Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз, – деді Тоқаев.
Елдегі маңызды реформалар кезеңінде тұрақтылықтың маңызы ерекше екенін атап өткен президент:
Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз, – деп түйіндеді.