Халық сенімін ақтамаған депутаттар мандатынан айырылады - Кәрімбек Құрманәлиев

19 Наурыз 2023, 09:14 978

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев бүгінгі Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық реформаларды қолдап, өткен жылы бүкілхалықтық референдумда «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы саяси бағыттарын жақтап дауыс берген болатынбыз. Биылғы саяси науқан - Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау жүйесі өзгерістерге толы. Сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімін күшейту керектігін  Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көтеріп, сайлауда аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынып, «Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді», деген болатын. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дегендей,  биылғы сайлаудың жөні бөлек болып тұр, - дейді академик.

Оның айтуынша, біріншіден, бұл тек қана партиялық тізіммен ғана емес, можаритарлық жүйемен жүзеге асқалы жатыр. Яғни, бір мандаттық округтан өзіңді-өзің ұсыну арқылы депутат бола алатын мүмкіндік туындап отыр. Осы ретте халық пен биліктің арасында алтын көпір болып жүрген, елдің мұң-мұқтажын, өкпе-ренішін, назын боямасыз түрде Үкіметке жеткізе алатын тұғырлы тұлғалар депутат бола алатыны көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

Бұл жаңашылдықты демократиялық өзгерістеріміздің, жаңа Қазақстанның, Әділетті Қазақстанның жарқын жолының бастауы деп бағамдауға болады. Жаңа заңнамаларға сәйкес депутат болып сайланғанның өзінде халықтың сөзін айтпай, елдік сөз сөйлемей, ірі істерге ой-пікіріңізбен араласа алмасаңыз, жылы орныңыздан айырылып қалуыңыз әбден мүмкін. Өйткені кандидатты таңдаған сайлаушылар үміткерінің істеп жатқан жұмысына қанағаттанбаса, сайланған адамды кері қайтарып алу мүмкіншілігі бар.    Яғни,  ұлтқа шын мәнінде  қызмет ететін, жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсететін тұғырлы тұлғалар ғана депутаттық мандаттқа ие болмақ, - дейді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Сондай-ақ ол бүгін өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасап үлгергенін де айтты.

Сол себептен мен де бүгін  таңғы сағат 7.00-де елордадағы 35- ші сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Сізді де саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын, - дейді Кәрімбек Құрманәлиев

Ажар Лаубаева
Бөлісу: