Халықтың үрей өлшемі – КАРЛАГ

31 Мамыр 2018, 13:25 5508

Зұлмат жылдар қасіреті ел есінде

«Әкейдің өзі репрессияға ұшыраған адам. Оның інісі Мұхитдиннің тағдыры тіпті аянышты. Ол кісі кезінде Қарағандыда А. Асылбеков, М. Гатауллиндердің ісіне қатысты ату жазасына кесілген  екен.  Содан оларды атқан кезде Мұхитден кездейсоқ тірі қалыпты. Оқ бұғанасының еттерін ғана опырып кеткен. Түннің бір уағында есін жиып, мәйіттер арасынан сүйретіліп шығып, жақын маңдағы Сәмен деген туысының үйін паналамақшы болған.  Сәмен жақын туысы болып келеді. Үйіне жетіп сәл тамақ ішіп әлденеді.  «Құдайдың маңдайына жазған ырзығы таусылмаған ғой, көрер күнім бар екен. Енді амалын тауып елге жетсем болғаны», дейді Мұхитдин іштей.  Сәмен болса Мұхитденді не істерін білмейді. Елге жіберейін десе көлік жоқ. Қадырайын десе қорқады. Бойжетіп қалған қызы Рымжан қазақшылдықты емес, кеңестік идеяны бойына сіңірген. Комунистік принципте халық жауларына қарсы көзқараста тәрбиеленген қыз. Сол қызы айтып қойса не болмақ? Я болмаса төңіректе ши бөрідей өріп жүрген тыңшылардың көзіне түсіп, олар жеткізіп барса ше? Тыңшылар жеткізсе, бұлардың тұқым-тұяғын да қалдырмайды. Ақыры ойлана келе НКВД-ға өзі барып Мұхитденді ұстап берген. Сөйтіп бір ажалдан аман қалған Мұхитден өлім жазасына екінші рет кесіліп, атылып кетеді».  

Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтан естіген бұл оқиғаны бізге Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінің басшысының орынбасары Ісләмов Ыбрахым Ісләмұлы жеткізген еді.

Карлаг Орталық Қазақстан аумағының  ауқымды бөлігін қамтыды.  ГУЛАГ жоспары бойынша мұнда 32 мың тұтқын ұсталуы тиіс болса, шын мәнсінде мұнда 75 мың адам жазаланды. 1930-1956 жылға дейін Карлагта болған тұтқындар саны 1 миллионнан асты. Бұл зобалаң іздері Қазақтың иен даласында ғана емес, халық санасына да әбден сіңіп қалған  сияқты.    

Кеңестік қызыл режим қыспаққа алғанда бүкіл қазақ даласы бір-біріне жау болып, бір-бірін аңдысқандай көрінеді. Тіпті бір-бірінен кек алу үшін осы бір саяси науқанды пайдаланған сияқты.  Қарағанды облысындағы Долинка музейіндегі бұқаралық  экскурсия жұмысы бөлімінің басшысы  Андрей Сергеевич Дребезгов  жұмысы барысында болған бір оқиғаны айтып берді. Бірде экскурсия барысында бір келіншек өзінің әкесінің де КарЛАГ-та 6 жыл отырғанын айтады. Әкесі Қарағанды облысының қарапайым ауыл тұрғыны. Бірақ не үшін айдауға кеткенін, қандай айып тағылғанын сол күйі үй-іші білмеген. Ауылдарды аралап іссапардан келген бетте НКВД жендеттері қолына бұрау салып алып кеткен. Кейіннен қызы архив құжаттарын ақтарып отырып әкесінің айдалу себебін біледі. Дәлірек айтқанда айдалуына себеп болған арызбен танысады. Мазмұны шамамен былай дейді: «Менің көршім А. үйінен қонақ артылмайды. Қашан келсең ауылдан қонақ келеді де жатады. Көршім дастарханына барын салады. Соңғы рет қонақ күткенде мен де сол дастархан басында болдым. Жалғыз қойын сойып, қонақтарға ет асты. Үнемі ас та төк дастрахан жайып жүрсе, демек совхозға өнім өткізбей, тығып қалғаны не жымқырғаны бар болғаны ғой».  Талай жыл іргелес тұрған көршісі осындай домалақ арыз жазып, әкесін айдатып жіберген. Тіпті айдаудан келген соң да көршілер ләм-лим деспей тұра берген екен.

Ыбрахым Ісләмовтың пайымдауынша бірін бірі бауыр көретін қазақтың өз таныс-жақындарын ұстатып беруіне түркі болған қоғамның санасын билеген үрей. Мен біреуді ұстап бермесем, басқалар мені айдатып жібереді деген ойда болса керек. Сананы тұмандап, адамгершіліктің түп-тұрқиянын қалдырмай бүкіл халықты дендеген үрейдің өлшемі 20 876 км²   аумақты алған КАРЛАГ деуге болар.  Карлаг тұтқындарының саны жыл сайын өсіп отырған. 1931 жылы – 21 329 адам, 1935 жылы – 25 127 адам, 1940 жылы – 34 536 адам, 1944 жылы – 50 425 адам, ал 1950 жылы – 66 208 адамға жеткен (Д.А. Шаймұханова, С.Д. Шаймұханова «Карлаг», Алматы, 1997 ж). Бұл адамдарды түрмеге тоғыту үшін кейде тіпті арыздың да қажеті жоқ еді.

Қарағанды қалалық партия комитетінің бұрынғы хатшысы Р. Байжасаров 1938 жылы шахтада болған апат салдарынан омыртасын зақымдап алады. Ұзақ уақыт ем алып, 18 маусымда ауруханадан шыққан бетте тұтқынға алынады. Жауап алу, тергеу кезінде оған адам төзгісіз қорлық көрсетіліп, қинау әдістері қолданылады. Сонда тергеушілердің сұрайтыны: «Қарағандыда контрреволюциялық ұйымның басшысы кім?» Бұл сұрақты оған үздіксіз қойған. Денесінде сау-тамтық жер қалдырмай, есінен танғанша тепкілеп, тырнағының көбесіне ине жүгірткен. Осындай тергеу амалдары нәтижесінде Байжасаров «қылмысын» мойнына алып, 20 жылға сотталып кете барған.

Қазақтан шыққан алтын өнеркісібінің тұңғыш инденері Айтжан Бутин 10 жыл түрмеде отырған. Өз естелігінде ол былай деп жазады: «Мені 23 тәулік бойы конвейерге отырғызып қойып жапон тыңшысы екенімді мойындауға мәжбүр етте. Қатты азаптаса да бәрібір олардың талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартқанымда қолымды сындырды. Ең соңында мынадай айла-шарғы ұсынды: «Сен қазақ емессің, егер баяғы Читадағы алтын кәсіпорынының иесі Александр Бутиннің туған інісімін десең сені босатамыз» дегенді айтты».

Ал Ақмола облыстық партия комитетінің бұрынғы хатшысы М.Ғатауллин бұл тозақтан тірі шықпайтынын біліп, әйелі Сақыпқа «Менімен айырысуға арыз жазуына болады. Менің қарсылығым жоқ» деп жазған. Ол әйелі мен балаларының тағдырының қалай болатынын дұрыс болжаған еді. Дегенмен ажырасудың өзі кей жағдайда қуғын-сүргіннен қорғамаған. Мысалы Маршал Василий Блюхердің бұрынғы жұбайы Глафира Блюхер осы Карлагқа 8 жылға айдалып, Бидайық бөлімшесінде «жазасын» өтеді.

Бұл кезде қуғын-сүргін бүкіл елді жаулап алды. Қалада, ауылда «халық жауларын» әшкерелеу, кінәсін мойындату науқаны қызу жүріп жатыр еді. Тек саясатқа қатысы бар, ел басқарған, оқыған-тоқыған ер-азаматтар ғана емес, ештеңемен ісі жоқ, ауылда мал баққан момын адамдардың өзідері де айдауда кете барды. Әке мен бала, ағалы-інілі, апалы-сіңілілі, ерлі-зайыпты адамдар бірін бірі қаралап, арызданған кез еді. Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінің бұқаралық  экскурсия жұмысы бөлімінің басшысы  Андрей Дребезговтың айтуынша осы қуғын-сүргін жылдары шамамен 4 млн жуық шағым түскен дейді. Бірін бірі батырым дейтін, жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған, қойдан жуас қазақты бір біріне айдап қойған сол зұлмат жылдар зобалаңын енді ешқашан басымызға бермесін деп тілеймік.  

Бэлла Орынбетова
Бөлісу: