Халифа Алтайдың Моңғолияға сапары

9 Қыркүйек 2017, 09:13 6718

Биыл мұсылман әлемінде діни-танымдық сананы жаңғыртуға үлес қосқан, көрнекті қайраткер, ағартушы-ғалым Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл

 Биыл мұсылман әлемінде діни-танымдық сананы жаңғыртуға үлес қосқан, көрнекті қайраткер, ағартушы-ғалым Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл. Есімі күллі түркі әлеміне кеңінен танымал дінтанушы, этнограф, тарихшы, Халифа Ғақыпұлы Алтайдың 100 жылдық мерейтойы Қазақстанда ғана емес, Түркия, Қытай және Еуропаның бірқатар елдерінде атап өтілді. Осы орайда Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, физика ғылымының докторы Досан Баймолдаұлының ғұламаның Моңғолияға сапары жайындағы естелгін назарларыңызға ұсынамыз.                   

Осыдан бір жүз жыл бұрын Шығыс Түркістан яғни бүгінгі Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағының Шіңгіл ауданында дүниеге келген жазушы, аудармашы, ақын және дін қайраткері Халифа Алтай жастайынан өмірдің не бір қиындығын, әділетсіздігін көріп өсті. 1933-1938 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты ел-жұртымен бірге Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударып, ақыры Тибет арқылы Гималайдың биік асуларын асып Үндістанға кейін Пәкістанға барып тұрақтаған кезінен араб және ұрду тілдерінде хадис және құран тәпсірі саласындағы екі бірдей діни медресені аяқтады. 1951 жылы Пешавар қаласында құрылған «Шығыс Түркістандық көшпенділер» қоғамының жауапты хатшысы қызметін атқарған кезінен сондағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырушылардың бірі болды.

Халифа Алтай Түркияға қоныс аударған кезден шығармашылықпен айналысып, Шығыс Түркістаннан басталған азапты сапары туралы «Естеліктерім», «Атажұрттан Анадолыға дейін» секілді өмірбаяндық естелік кітаптарды дүниеге әкелді және дін істерімен шұғылданды. Сол жылдары марксистік-лениндік идеологиялық саясат үстемдік құрған Қазақстан, Моңғолия секілді елдер сондай-ақ Түркиямен көршілес Иран, Ауғанстан секілді елдерде және Маоның қызыл саясаты үстемдік еткен Қытай елінде тұрып жатқан қазақтардың рухани және діни сауатын ашуда көп еңбектенді. Қазақ тарихында тұңғыш рет қасиетті «Құран Кәрімді» қазақ тіліне тәржімалап, Сауд Аравияның дін министрлігінің қолдауымен баспадан шығарып, әлем қазақтарына  таратты.

Халифа Алтай 1992 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан «Инабат» имандылық тәрбие орталығын құрып, ислам дінін уағыздап, діни кітаптар аударып таратуға ерекше еңбегін сіңірді. Шеттен келген қазақтардың арасында халықаралық «Алаш» сыйлығының тұңғыш иегері болды. Халифа Алтай «Атажұрттан Анадолыға дейін» және «Алтайдан ауған ел» кітаптарында өзінің шетелде тұратын қазақтарға  іс сапарлармен барғаны туралы баяндайды және олардың тұрмыс-тіршіліктері,  әдет салт ғұрыптарындағы кейбір ерекшеліктері жайлы қызықты түрде жазады. Өз басым осы бір ерекше адаммен алғаш Моңғолияда кейін Алматыда және Стамбұлда көп рет кездесіп әңгімелескен едім. Талай қонақта бірге болдық. 1990-шы жылдың күзінде Моңғолияға ат басын алғаш бұрған Халифа Алтаймен  кездескен кезім, сол кісінің қасында бірге болған күндер әлі есімде.

Сол бір 1990 жыл басталысымен Моңғолияда демократияны жақтаушы жастар үні күштірек шыға бастаған кез болатын. Бұған дейін Моңғолияны өз уысында ұстап келген Кеңес Одағы империясының күні санаулы қалған, ал Моңғолияны 70 жыл билеп төстеген  мәскеушіл, коммунисшіл партияның  әлсірей бастаған осындай бір күндері Түркиядан дін қайраткері Халифа Алтай Моңғолияға келеді екен деген жақсы хабар Ұланбатырда тұратын қазақтар және Баян-Өлгей қазақтары арасына лезде тарап кетті. Бұл хабарды естіген соғыс ардагері, әкем  Баймолда Қорқынұлы Өлгейден телефон шалып, Халифа Алтай ақсақалдың біздің әулетке сарысүйек құдалық жақындығы бар екенін есіме салып, қалайда ол кісінің Моңғолиядағы сапарының жақсы өтуіне  көмектесуімді  тапсырды. Халифаның бірге туған ағасы Ақай  әкемнің немере апайы Алтыншоқпен ертеректе отау құрыпты. 1940 жылы  Қытайдағы Шыңжаң өлкесінің билеушісі Шың Шысайдың озбырлығына қарсы  Елісхан, Зайып бастаған көшпен Үндістанға өтпек болып Тибет шекарасына жеткен кезде, арттан қуған жаудың оғынан апайымыз Алтыншоқ  опат болған екен. Бір өкініштісі артында ұрпақ қалмаған. Бұл туралы Халифа Алтай өзінің «Алтайдан ауған ел» кітабында жазады.

Сонымен Халифа Алтай келетін күн белгілі болды. Ол кісі  алтын күздің алғашқы  күндері  енді басталған шақта,  Түркияның Стамбұл қаласынан Мәскеуге ұшып, Мәскеуден Ұланбатырға дейін  Сібірді басып өтетін халықаралық пойызымен баруды жөн көріпті. Халифа Алтай және  оның зайыбы Бибәтіш жеңгеміз бен кіші ұлы Аднан мінген Мәскеу-Ұланбатыр­-Бейжің халықаралық пойызы Трансібір темір жолымен  5 күндей  жүріп Ұланбатырға келіп жетті. Есімі алты алашқа тараған  Халифа Алтайды күтіп алуға Ұланбатырдағы орталық темір жол бекетіне сондағы қазақтан шыққан зиялы қауым өкілдері бар және ол кісіге туыс болып келетін ұзын саны 40-50 адам жиналдық. Біздің сарғая күткен пойызымыз да келіп тоқтады. Бәріміз жабылып Халифа ақсақал отырған вагонға қарай жүгірдік. Көп күттірмей жас шамасы алпысты еңсеріп, жетпіске таяған жылы жүзді, ақ шашты көзінде көзілдірігі, қолында таяғы бар Халифа ақсақалдың өзі көрінді. Артынан іле-шала зайыбы Бибәтіш апа және кіші ұлы Аднан да көрінді. Темір жол вокзалында жиылған қауым дін қайраткерінің аяғын жерге тигізбей қаумалап көтеріп әкетті. Бұл коммунистік биліктің дінді жойған 70 жыл уақыттан соң халықтың дінге, дін қайраткеріне деген ыстық сағынышы  еді.

Темір жол вокзалында жиылған қазақтар Халифа Алтайдың қолын ұстап амандасып қалуға талпынысып жатты. Арасындағы мүмкіндікті пайдаланып мен де амандасып, Алтыншоқ апайымыздың атын атап, құда екенімді білдірдім. Жолда шаршаңқырап келгеніне қарамастан жиналған барлық қазақпен амандасып, есен-саулықтарын сұрасып шықты. Елім деп алыстан келген мәртебелі  қонақтың қандай жоспары бар, кімдермен кездесіп, нені көргісі келетінін сұрағанымда, Халифа Алтай ақсақал маған қарап: «өзің құда екенсің, бір-екі шаруа айтсам шыдайсың ба?» деп көзінің астымен сынай қарады. Мен «айтыңыз, айтыңыз шамам келгенше орындауға тырысайын» дедім. «Онда ең алдымен Моңғолия қазақтарынан биліктің жоғарғы баспалдағына көтерілген, Моңғолия үкіметінің вице-премьері қызметіндегі Зардыхан деген қазақпен кездестіріп берсең, екіншіде Ұланбатырға жақын жердегі әйгілі Тоныкөк абыздың ескерткішін көрсем деген арманым бар»,– деді. Уақыттың тығыз екенін ескеріп, бірден іске кірістім. Келесі күні кешкісін Зардыхан ағаның үйіне барып мән-жайды айттым. Ол кісі Түркиядан келген дін қайраткерімен кездесуге өзінің ықыласты екенін айтып,  қалай, қайда, қашан кездесетінін өзінің көмекшісі арқылы біліп отырарсың деп оның телефонын жаздырды. Екі күн өтпей Зардыхан ағаның көмекшісі Батарчулуун есімді азаматпен сөйлесіп, Түркиядан келген дін қайраткері Халифа Алтай туралы қысқаша мәлімет бердім. Зардыхан аға Халифа Алтайды ерекше мәртебелі қонақ ретінде үкімет үйінде қабылдайтын болды. Ертеңінде  Түркиядан туысшылап келген Халифа Алтай және оның ұлы Аднан, нағашысы Мизамхан  төртеумізді Үкімет үйінің  алдында қауіпсіздік қызметінің адамдары мен Зардыхан ағаның көмекшісі қарсы алды. Біздің құжаттырымызды тексеріп болған соң Зардыхан ағаның көмекшісі бастап үкімет үйінің үшінші қабатына көтерілдік. Шынымды айтсам менің де халық арасында «саарал ордон» яғни «сұры сарай»  атанған осы үкімет үйінде алғаш болуым. Есік ашылған кезде ат шаптырым үлкен бөлмедегі орынынан Зардыхан аға көтеріліп, алыстан туысшылап келген жасы үлкен ағасымен құшақтаса амандасты. Көзімізге жас үйрілді.  Ұзақ жылдары бір-бірін сарыла күтіп, ақыры сол мақсаттары  орындалған  ағайынның сағынышты қауышуы болды. Екеуі де көздеріне келген жастарын сүртіп жатты.  Зардыхан аға үкімет басшысының орынбасары жоғары лауазымды қызметте болғандықтан  40 минутқа жоспарланған  кездесу екі жарым сағатқа созылды. Көп нәрселер айтылды. Түркиядан келген дін қайраткері ағамызбен болған бұл кездесу ешбір тілмәштің керегінсіз таза қазақ тілінде жүрілді. Бұл  Моңғолия конституциясында қазақ тіліне берілген заңды мәртебенің орындалуы болды. Сонау Анодолы жерінен ағайын-туысын сағына іздеп келген Халифа атамен болған кездесу соңы шәй ішуге жалғасты және  бәріміз бірге рәсімге де түстік.

Үкімет үйінен шыққан соң, жақын маңдағы Моңғолияның Ұлттық мұражайын тамашаладық. Халифа Алтай ақсақал мұражайда қойылған Моңғолияны мекен ететін түрлі  ұлт өкілдерінің ұлттық киімдеріне әсіресе соның ішінде Керей, Найман  қазақтарының ұлттық киімдері мен тері, ағаштан жасалған түрлі бұйымдарды ерекше қызығып тамашалады. Сондай-ақ  Моңғолияның Гоби шөлінен табылған динозаврлардың ірі сүйектері мен осы күнге дейін еш жарылмай тасқа айналған жұмыртқаларын қызықтай қарады. Мұражайды тамашалап болып көшеге шыққанымызда орталық Сүхэбатыр алаңына жақын қала әкімшілігі үйі алдында  қала таксистері жиналып, көліктерін сигналдатып, у-шу болып тұрғанын көріп таң-тамаша болдық. Сұрастырсақ, олар қала әкімшілігінен айлық жалақыларын көтеруді демократиялық жолмен осылай талап етіп жатыпты. Халифа Алтай ақсақалға бұл туралы айтып бергенімде  ол: –«Моңғол еліне демократиялық өзгерістің келуі бұл үлкен жақсылық. Әсіресе бір кездері коммунистер халық санасынан еркіндікті, дінді күшпен өшіргісі келсе, енді міне діннің де еркіндіктіктің де халыққа қайтып оралғанының куәсы болдым. Бұл үлкен жақсылық»– деді. Тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының  деректеріне  қарағанда 1930- жылдары  600 мыңдай халқы бар Моңғолияда коммунистер жүргізген репрессия салдарынан 37 мыңдай адам құрбан болып, 700-дей діни пұтханалар қирапты. Баян-Өлгей аймағында бірде-бір мешіт қалмай, қиратылған. Қазақтардан  діни сауаты бар имам, молда және бай-феодалы бар яғни көзі ашық, көкірегі ояулы барлығы үш мыңнан астам адам репрессия құрбаны болған.

Халифа Алтай ақсақалдың маған жүктеген екінші тапсырмасы да сәтімен орындалды. Сол жылдары Моңғолияның қоршаған ортаны қорғау министрі қызметіндегі маған жақын ағайын болып келетін Мәуліт ағаммен телефон арқылы хабарласып, мән-жайды айттым. Ол бірден Түркиядан келген бір жағы құда үлкен мейманды өзі қабылдап, әңгімелескісі келетінін білдірді. Ертеңінде Халифа ата, Бибәтіш апа, Аднан бар үшеуіміз министр Мәуліт ағаның кеңсесіне бардық. Ол ағамыз өте ашық-жарқын кісі еді. Өзінің барлық қауырт жұмыстарын кейінге ысырып қойып, Түркиядан келген ағайындармен әңгімелесе отырып, түскі асқа шақырды. Түскі ас кезінде мен Мәуліт ағама Халифа ақсақалдың Тоныкөк ескерткішін көргісі келетінін айтып едім ол кісі бірден мақұл көріп, жолай бір кездері өзі басшы болған Налайхы көмір шахтасында істейтін қазақ ағайындармен де жолықтыруды тапсырып, біздің барып қайтуымыз үшін министрліктен шағын микроавтобус шығарып беретін болды. Сонымен келесі күні таңертең Ұланбатырдан 40 шақырымдай жердегі кеншілер қаласы – Налайхыға аттанып кеттік. Мұнда маған немере ағайын болып келетін Әбділ, Қимәділ, Үкібай, Түлкібай деген туыстарым тұратын. Баратынымыз туралы оларға алдын-ала хабарлап қойғанмын. Бәрі жиылып, алыстан сонау Түркиядан келген дін қайраткерін сағынышпен асыға күтіп отыр екен. Дастархан жайылып, ақсарбасқа бата жасалып, аз-мұз әңгімелескен соң, біз Налайхыдан 25 шақырым жердегі Тоныкөк абыздың ескерткішіне тағзым етуге аттандық. Бұл Халифа Алтай ақсақалдың көптен бері армандап келген бір арманы. Біз келсек, сол жылдары ескі мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО қамқорлығына енген Тоныкөк абыздың құлпытас ескерткіші сыртындағы қоршау есігі бекітілген, ал күзетшісі жоқ болып шықты. Енді не істейміз? Иен даладағы ескерткішті күзететін күзетшінің қайда кеткенін білер сол маңайда тірі жан байқалмайды. Жалғыз жол ол ақсақалды биіктігі 1 метр 70 см темір шарбақтың ар жағына қалайда шығару керек. Мен Аднанға: «шарбақтан асып, арғы жаққа түс» дедім. Ол секіріп, шарбақтан асып түсті. Халифа атаға: «денеңізді бостау ұстаңыз, шарбақтың бергі жағынан көтеріп арғы жаққа асырамын» дедім. Басқа амал жоғын түсінген ол кісі үнсіз келісті. Сонымен бар күшіммен атаны көтеріп, шарбақтан ары қарай асыра бергенімде, оның сыртқы плащының артынан байланған белбеуі темір шарбақтың басына ілініп қалып, ата не ары емес не бері емес күйде жерге түсе алмай салбырап қалды. Ақыры белбеу үзіліп кетіп, шарбақтың арғы жағында тосып тұрған ұлының қолына топ етіп құлай кетті. Құдай сақтап ауырып, сырқаған еш жері жоқ. Бірден тұра сала Тоныкөк ескерткішін бас салып, құшағына алды. Сырттай бұл көріністі бақылап тұрған кімге болсын бұл күлкілі көрініс құсағанымен бұл дін ислам үшін, қазақ ұлты үшін талай өмірін сарп еткен Халифа атаның ұзақ жылдары бойы армандаған арманы, көк түріктердің билік құрған заманында аса ойшыл, ақылгөйлігімен тарихта аты қалған Тоныкөк абызға деген үлкен құрметі еді. Осы арада бізді алыстан дүрбісімен көріп, байқап жүрген Тоныкөк абыздың ескерткішін күзететін күзетші де атымен шауып келіп қалды. Оған моңғолша атаның кім екенін түсіндіріп айтқан соң, ол өзінің тығыз бір шаруамен үйіне барып қайту керек болғанын алға тартып, кешірім сұрады. Бәріміз рәсімге түстік. Қайтар жолда Налайхы қаласынадағы ағайындарға барып, Халифа ата өзі қазақшалаған «Құран кәрім» кітабынан оншақты данасын сонда жиылған дін жолындағы ақсақалдарға, жастарға таратты.  Дінге қатысты сұрақтарға кең түрде, тұщымды жауаптар бере отырып, Түркияда тұрып жатқан қазақтар жайлы да әңгімелеп берді. Кештетіп Ұланбатырға қайттық.

Екі күн өткен соң Халифа Алтай ақсақалды бір топ ағайын болып «Буянт-Ухаа» әужайынан Өлгейге қарай ұшатын самолетке  отырғызып, жақсы тілекпен шығарып салдық. Ол кісі Бай-Өлкедегі ағайын туыстары арасында 15 күндей болып, Ұланбатырға қайтып оралды. Олар қазан айының басында Ұланбатырдан Алматыға қарай сапар шекті. Х.Алтай 2000 жылы баспадан шыққан «Алтайдан ауған ел» атты кітабындағы «Моңғолия сапары» бөлімінде өзінің Налайхы көмір кені бар қалашыққа барғанын, ондағы қазақтармен кездескенін және көне түрік қағанатының абызы Тоныкөк ескерткішіне барып тағзым еткені туралы жазыпты. Сондай-ақ Халифа Алтайдың Моңғолияға жасаған сапары туралы сол жылы Түркияның ғылыми журналында кең көлемде мақала жарияланды.

Мен Халифа Алтаймен бірге болған сол күндерді есіме ала отырып, ол кісінің аса сабырлы, байсалды, салмақты адам екенін, сөйлемес бұрын сан ойланып-толғанып алатын ерекше қасиеті барын байқадым. Әкем Баймолда екеуі бір-бірімен сарысүйек құда болса да жастары шамалас болғандықтан кейде әзілдесіп отыратын-ды. Әкем бірде оған қарата: «егер мен сенен бұрын о дүниеге барып жатсам, менің жаназамды өзің шығарасың ғой» деп қалжыңдағаны есімде. Расында 1999 жылы әкем 83 жасында о дүниелік болғанда жаназасын құдасы Халифа Алтай қажы арнайы келіп өзі шығарған еді.  Бұл да дін таратушы Халифа атаның мейірім шапағатының, ағайын-туысқа деген адалдығының  бірі көрінісі іспетті біздің есімізде мәңгілік қалды.  Қазақ жастарына: «Оқыңдар, білім алыңдар бірақ дін, руханият жағын ұмытпаңдар» деген асыл өсиет қалдырған, дін, тіл, дәстүр және тарихымыз бен рухани дамуымызды насихаттау жолында аянбай еңбек еткен Халифа Алтай атамыз 2003 жылы тамыз айында Алматыда 86 жасында қайтыс болды. Марқұмның жатқан жері жаннатта, топырағы торқа болсын!

Бөлісу: