Ғылымды қаржыландыру саласында жемқорлық тәуекелдері анықталды - антикор

14 Тамыз, 07:35 510

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғылымды қаржыландыру саласында жемқорлық тәуекелдері анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ведомство өткен жылдың соңында ғылымды қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, соның нәтижелерін жариялады. 

Жүргізілген талдау ғылыми жобаларды іріктеудің ашықтығына, оларды іске асырудың көзбояушылдығына, нәтижелер үшін жауапкершіліктің болмауына, зерттеу қорытындыларының төмен сұранысына, сондай-ақ ғылыми тағылымдамалар үшін гранттар беру жөніндегі конкурстық комиссия құрамына қойылатын талаптардың төмендеуіне байланысты елеулі тәуекелдерді көрсеткен («500 ғалым» жобасы бойынша). Мұның бәрі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соққан.

Мысалы, жобаларды іріктеу бойынша конкурстық құжаттама нақты тұлғалар үшін қалыптастырылған. Жобаларды ғылыми сараптау рәсімі ашық емес, бағалауды «қол режимінде» іріктелетін үлестес сарапшылар жүзеге асырған. Тізімде тұрған 13,5 мың сарапшының 10 мыңға жуығы (75%) сараптама жүргізбеген. Манипуляция арқылы бағалау нәтижелері «қажетті» жобаларға бейімделген.

11,5 млрд теңгеге 30 зерттеу анықталды, олар бойынша сараптама белгілі бір тұлғалардың мүддесі үшін жүргізілді. Бюджет қаражаты ғылыми жобаларды коммерцияландыру түрімен шығарылды. 2016 жылдан бастап мемлекет осы мақсаттарға шамамен 32 млрд теңге жұмсады, оның ішінде жобалардың 90%-ы (145-тен 130-ы) мәлімделген мақсаттарға қол жеткізе алмады, бұл өнімсіз бастамалар болып табылады. Сонымен қатар  зерттеулердің 70%-ы мақалалар мен кітаптар жазумен аяқталды, көптеген әзірлемелер практикалық тұрғыдан маңызды болмады,-делінген агенттік хабарламасында.

Атап айтқанда, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты биогаз және био тыңайтқыштар өндіретін жабдықтарды әзірлеуге 290 млн теңге жұмсаған. Бұл ретте нарықта дайын аналогтар ондаған есе арзан екені анықталған (19 млн теңгеден қымбат емес, өздері сатып алады).

Сонымен қатар ғылыми әзірлемелер түрінде жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту қаржыландырылды. Мәселен, 2019 жылы еліміздегі ірі құс фабрикаларының бірі қазақ деликатестерінің технологиялары мен рецептураларын әзірлеуге 300 млн теңгеге жуық қаражат алды. Алайда іс жүзінде барлық қаражат (92%) жабдықтар мен материалдарды сатып алуға жұмсалған. Талдау нәтижелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне 100-ден астам ұсыныс енгізілген. Уәкілетті орган оларды іске асыруға кірісті. Мысалы, Агенттіктің ұсынысы бойынша сараптама комиссиясының жұмысын ұйымдастыру ережелерінде оның мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Енді жалпы еңбек өтілі 10 жыл, ал мамандығы бойынша өтілі кемінде 5 жыл болу қажет, бұрын 3 жыл болған,-делінген антикор мәліметінде. 

Агенттік ұсынымдардың орындалу мониторингі жалғасып жатқанын атап өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: