Гутерриш: Атом станциясына шабуыл - өз-өзін өлтірумен тең

9 Тамыз 2022, 04:35 896

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық инспекторларға Запорожье АЭС-іне жол ашуға шақырды, деп хабарлайды EL.KZ Азаттыққа сілтеме жасап.

Жексенбіде Еуропадағы ең үлкен АЭС-ті атқыланып, Украина мен Ресей бір-бірін айыптаған.

Атом станциясына шабуылдың қандай түрі болса да өз-өзін өлтірумен тең, — деді Гутерриш Жапонияда өткен баспасаөз-конференциясында.

Гутерриш жексенбіде әлемде алғашқы ядролық шабуыл жасалғанына 77 жыл толғанына орай Хиросима қаласына барған.

Украина билігі 5-6 тамызда "Запорожье АЭС-і тұрған аумақты атқылады" деп Ресейді айыптаған. Бұл мәліметке қарағанда, 6 тамызда Ресей атқаннан кейін радиацияны бақылайтын үш датчикке зақым келіп, АЭС жұмысшыларының бірі жараланған.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді "ядролық террор" жасады деп кіналап, Мәскеудің ядролық секторына халықаралық санкция салуға шақырған.

Террорист мемлекет атом станциясын атқылап жатқанда ешбір халық өзін қауіпсіз сезіне алмайды, — деді Зеленский 7 тамыздағы үндеуінде.

Ресей әскерінің бақылауына өткен Запорожье АЭС-інде Украина мамандары жұмыс істейді. Өткен аптада және сенбіден жексенбіге қараған түні станция аумағы атқыланған.

Ресей басып алған аймақта қалған Энергодар "Украина күштері дүркіндеткіш реактивті жүйемен атып, АЭС-тің әкімшілік ғимараты мен қойма маңына зақым келтірді" деп мәлімдеген.

Гутерриш станцияға Атом энергиясы бойынща халықаралық агенттік (МАГАТЭ) мамандарын жіберу керектігі жөнінде мәлімдеме жасады.

6 тамызда МАГАТЭ басшысы Рафаэль Мариано Гросси "АЭС-тің атқыланғаны – ядролық апат қаупі шын мәнінде бар екендігінің айқын белгісі" деп атап өтті. Гросси жанжалдасушы екі тарапты ядролық объект жанында "мейлінше ұстамды болуға" шақырды.

EL.KZ
Бөлісу: