Гүлжан Қалижанқызы:  ЖЭК табиғи ресурстарға жүктемені азайтады

27 Қыркүйек, 17:19 698

Соңғы жылдары жасыл энергетика әлемдік деңгейде қарқынды дамып келеді. Бұл салада ерлермен қоса, әйелдердің де үлесі артып, маңызды рөлге ие болуда. Энергетика ер адамдардың саласы деп саналса да, бүгінгінің әйелдері кәсіби біліктілігі және жаңа көзқарастарымен бұл стереотипті бұзуда. Әсіресе, жаңартылатын энергия көздері, климаттың өзгеруімен күресу, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағыттарында әйелдер көшбасшылық танытып келеді.

El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі осы салада 15 жылдан астам жұмыс өтілі бар маманмен тілдесіп, жасыл энергетикадағы әйелдер тек саланың дамуына ғана емес, сонымен бірге әлемдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да үлкен үлес қостынына көз жеткізді.

Айта кету керек, әйелдердің жаңашыл көзқарастары мен көшбасшылық қабілеттері болашақта таза энергияны қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады. Әйелдердің бұл салада ойып тұрып орын алатыны айдан анық. Себебі жасыл энергетика – болашақтың энергиясы, ал әйелдер – сол болашақтың жетекшілері.

El.kz: Сәлеметсіз бе, Гүлжан Қалижанқызы?! Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Электр энергетикасы саласына қашан және қалай келдіңіз?

Гүлжан Қалижанқызы: Сәлеметсіз бе?! Электр энергетикасы саласында 15 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Әкем көп жылдар бойы электр энергетикасы саласында жұмыс істеген еді. Сол себепті мамандық таңдау мен үшін мектепте оқып жүрген кезімнен бастап, айқын болды. Энергетика саласы ерлер саласы болып саналатынына қарамастан, әкемнің жолын қуып, Алматы энергетика және байланыс университетінде «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша тәлім алдым. Кейіннен Ұлыбританиядағы Манчестер Университетінде электр энергиясын түрлендіру жүйелері саласында ғылым магистрі дәрежесін иелендім. Бүгінде Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының бас директоры болып қызмет етемін. Біздің ұйым Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады.

El.kz: Саладағы алғашқы тәжірибеңіз қандай болды? Қазіргі позицияңызға әсер етті ме? Осы саладағы ең үлкен кәсіби жетістігіңіз жайлы айта аласыз ба? Бас директор ретінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша қандай бастамаларды қолға алдыңыз?

Гүлжан Қалижанқызы: Еңбек жолымды электр энергетикасы саласынан бастадым. Осы саладағы кәсіби дағдыларды кезең-кезеңімен дамыта отырып, «Самұрық-Энерго» АҚ-да 10 жылға жуық жұмыс істедім. Осымен 3 жыл қатарынан Қаржы-есеп айырысу орталығының басшысы болып табыламын. Кәсіби жетістіктерімнің бірі ретінде Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының моделін іске қосқанымызды атап өтер едім. Әрине, бірінші кезекте, бұл - орталықта қызмет ететін команданың үйлесімді жұмысының жемісі. Бірыңғай сатып алушының моделі еліміздің барлық өңір үшін электр энергиясын орталықтан сатып алу және орташа тариф бойынша сату мүмкіндігі үшін енгізілді. Сондай-ақ, біздің ұйымның жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі жұмысын атап өткім келеді. Орталық «жасыл» станциялар өндіретін электр энергиясын орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, ЖЭК дамыту бойынша мемлекеттік қолдау тетігін іске асырады. Бүгінгі таңда Қазақстанда электр энергиясын өндіруді 148 ЖЭК объектісі жүзеге асырады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК объектілерінің өндіру көлемі шамамен 6,7 млрд кВт сағ немесе өндірістің жалпы көлемінің шамамен 6% құрады.

El.kz: Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы мүмкіндіктері қандай деп ойлайсыз?

Гүлжан Қалижанқызы: Қазақстан жел және күн энергиясын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Мәселен, жел энергиясының әлеуеті еліміздің кең аумағының шамамен 50%-ын құрайды. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия өңірінде жел генерациясын дамыту бойынша көшбасшы позицияларды иеленуге барлық мүмкіндіктерге ие.

El.kz: Жаңартылатын энергия көздерін дамытуда мемлекеттік қолдау мен саясаттың әсері қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Жаңартылатын энергия көздерін дамытуда мемлекеттің рөлі қандай?

Гүлжан Қалижанқызы: Жаңартылатын энергия көздері секторында мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары іске асырылуда. Бұл шаралар ЖЭК дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. ЖЭК секторындағы мемлекеттік саясаттың алғашқы қадамы оны қолдаудың негізгі шарттары анықтаған «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңды қабылдау болды.

2009 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңді ЖЭК-ті жүйелі енгізу үшін институционалдық және заңнамалық негізді қалыптастыру кезеңі ретінде сипаттауға болады. Осы уақыт аралығында Қазақстанның ЖЭК секторына инвесторларды тарту бойынша алғашқы қадамдар жасалып, күн және жел энергиясының әлеуеті айқындалды. Нысаналы көрсеткіштер белгіленді: 2050 жылға қарай электр энергиясының 50% баламалы және жаңартылатын энергия көздері негізінде өндірілуі тиіс.

Жаңартылатын энергетика секторына инвестициялар тарту үшін инвесторларды қолдау шаралары жүзеге асырылады. Мәселен, 15-20 жыл ішінде тіркелген тарифтер мен аукциондық бағалар бойынша электр энергиясын кепілдендірілген сатып алу, тарифтер мен бағаларды жыл сайын индекстеу, ЖЭК объектісін энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне басымдықпен қосу, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі шеңберінде инвестициялық преференциялар.

Айта кету керек, министрлік аукциондық сауда-саттықты өткізудің 5 жылдық кестесін әзірледі және бекітті. Мәселен, 2027 жылға дейін аукциондық сауда-саттықтың ұсынылатын көлемі 6,7 ГВт құрайды. Былтыр өткен сауда-саттықтың қорытындысы бойынша, 2027 жылдың соңына дейін шамамен 600 МВт енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде Франция Республикасының, Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірліктерінің және басқа елдердің ірі инвесторларының қатысуымен жиынтық белгіленген қуаты 5 ГВт ЖЭК ауқымды жобалары бар. Жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші компаниялар еліміздегі ЖЭК жобаларына инвестиция салуға қызығушылық танытатыны қуантады.

El.kz: Сіздің ойыңызша, қоғамда жаңартылатын энергияға деген қызығушылық қалай өзгерді және бұл өзгеріс нені білдіреді? Климаттың өзгеруімен күресуде жаңартылатын энергияның рөлі қандай деп ойлайсыз? Жаңартылатын энергия көздеріне деген сұраныстың өсуін қалай бағалайсыз және бұл саладағы болашақ трендтер қандай болады?

Гүлжан Қалижанқызы: Қоғамның жаңартылатын энергия көздеріне деген қызығушылығы үнемі артып келеді. Бұл экологиялық және экономикалық факторларға байланысты. Экологиялық факторлар туралы айтатын болсақ, ЖЭК қазба отындарын пайдаланумен байланысты парниктік газдар шығарындыларын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде парниктік газдар шығарындыларының төмендеуі жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдетеді. Жалпы, ЖЭК көмір, мұнай және табиғи газ сияқты табиғи ресурстарға жүктемені азайтуға көмектеседі, себебі олар климаттың өзгеруіне ықпал етіп қана қоймай, сонымен бірге сарқылуға бейім. Сондықтан күн, жел және гидроэнергетиканы пайдалану бұл ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға ықпал етеді. Егер экономикалық факторлар туралы айтсақ, соңғы бірнеше онжылдықта ЖЭК технологиялары құнының, әсіресе күн және жел энергиясы саласында айтарлықтай төмендеуі байқалады. Технологияның дамуы және күн панельдері мен жел турбиналарының жаппай өндірісі оларды тұтынушылар мен бизнес үшін қол жетімді етті. Көптеген елдерде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін үкімет тарапынан субсидиялар, салық преференциялар ұсынылады. Мұның бәрі жасыл энергияның дамуына қолайлы жағдай жасайды.

El.kz: Жаңартылатын энергия саласында жастардың рөлін қалай бағалайсыз?  Осы саланың болашақ көшбасшыларын қалай дайындау керек деген ойдасыз?

Гүлжан Қалижанқызы: Әрине, жас ұрпақтың «жасыл» энергияны дамытудағы рөлін «негізгі» және «перспективалы» деп бағалар едім. Өйткені климаттың өзгеру проблемалары мен тұрақты дамуға көшу қажеттілігі туралы көбірек білетін - жастар. Сондай-ақ, жастар салауатты өмір салтының қозғаушы күші ретінде жоғары экологиялық сана мен мәдениетке ие. Экологиялық таза өнімдер мен қызметтерге, соның ішінде энергияға сұранысты қалыптастыратын да осы жастар. Бүгінде жас ұрпақ цифрлық сауаттылықтың жоғары деңгейіне және жаңа технологияларға қызығушылық танытады. Бұл, өз кезегінде, ЖЭК саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуде маңызды рөл атқарады.

Қазақстанда ЖЭК саласында жұмыс істеу үшін білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Бұл - ЖЭК технологиялары, инженерия және жобалау, экологиялық ғылымдар саласындағы бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламалары.

El.kz: Қазақстандағы жаңартылатын энергияның экспорттық мүмкіндіктері туралы ойыңыз қандай?

Гүлжан Қалижанқызы: Әрине, елде де, өңірде де ЖЭК-ті дамыту экспорттық әлеуетке мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта қазақстандық тарап өзбек және әзірбайжан әріптестерімен бірлесіп, тұрақты ток электр беру технологияларын қолдана отырып, Каспий теңізінің түбіне терең су кабелін төсеу арқылы Кавказ өңірі мен Орталық Азия энергожүйелерін қосу жөніндегі жобаны іске асыру процесін талқылауда. Еуропаға «жасыл» электр энергиясын жеткізу туралы келісімге өткен қарашада ғана қол қойылғанын айта кеткен жөн.

El.kz: Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: