Гүлшара Әбдіқалықова Тараздағы білімді жастармен кездесті

15 Наурыз, 12:30 759

 «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасының кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова мен «Bilim Foundation» корпоративтік қорының президенті Ерлан Аманжолұлы Тараз қаласында оқып жатқан «Жарқын Болашақ» бағдарламасының грант иегерлерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы аясында 674 грант иегері білім алып жатыр. Ал 125 High school мектебіндегі «Жарқын Болашақ» бағдарламасының 59 грант иегерінің I тоқсан мен ІІ тоқсандағы оқу үлгерімін салыстырғанда 3,6%-ға жоғарылағаны анықталды. Ал 11-сыныпта білім алып жатқан 23 оқушының Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің нәтижелерінің салыстырмалы қорытындысы бойынша 1 сынақ тестілеуінде оқушылардың орта балы 56,73 болса, 2 сынақ тестілеуінде орта балл 66,64-ке көтерілген. Бұл көрсеткіш оқушылардың қаншалықты алға ілгерілегенін көрсетеді.

Жиын кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасының кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова бағдарлама грант иегерлерінің сұрақтарына толымды жауап беріп, еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар білім беру ұйымының материалдық жағдайы және жатақханасымен танысты.

Білімді жастардың қатары көбейсе, еліміз гүлденетіні анық. Бүгінгі жас ұрпақ – болашақ маман. Егер мектеп табалдырығында жүргенде білімді бойларына сіңірсе, онда ол баладан бәсекеге қабілетті маман шығады. Өз ісінің шебері бола білсек, әлеуметтік-экономикалық жағдай да жақсара түседі. Сол арқылы елімізде экономикалық стагнация болмай, өсім болады,- деді  Гүлшара Әбдіқалықова.

«Bilim Foundation» корпоративтік қорының президенті Ерлан Аманжолұлы оқушыларға еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда білім алудың маңызды екенін түсіндіріп өтті.  Қазіргі таңда «Жарқын Болашақ» бағдарламасының грант иегерлері шәкіртақы алып, тегін оқып жатыр. Олардың оқу ақысымен қатар жол шығындары төленеді. Бағдарлама аясында жатақхана ақысы да қарастырылған. 

Бағдарламаның 449 грант иегерін ҚазМұнайГаз тарапынан қаржыландырылса, 225-і Samruk-Kazyna Trust қолдау білдіріп келеді.

EL.KZ
Бөлісу: