Көктем жақындаған сайын қала көшелерінде ерекше атмосфера сезіледі. Қар еріп, күн жылына бастаған шақта адамдар да мерекелік көңіл күйге бөленеді. Ал дәл осы уақытта гүл дүкендеріндегі тіршілік бұрынғыдан да қыза түседі.
Астанадағы Erke гүл дүкенінде де дәл қазір қызу қарбалас. Сөрелерде түрлі түсті букеттер, гүл себеттері, нәзік композициялар тізіліп тұр. Бір жерде флорист гүл сабағын қиып жатса, екінші жерде жаңа букет жиналып жатыр. Гүлдердің хош иісі мен жұмыстың қарқыны – бәрі де 8 наурыз мерекесінің жақындағанын аңғартады.
Бұл дүкенде 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан флорист Гүлнұр Ахметова үшін көктем – ең жауапты әрі ең қарбалас кезеңнің бірі.
«Бұл мереке жақындаған сайын жұмысымыз бірнеше есе көбейеді. Адамдар гүл арқылы өз сезімін білдіреді. Біреу анасына алады, біреу жарына, біреу қыздарына немесе әріптестеріне сыйлайды. Әр букет – бір адамның жылы ниеті», – дейді ол.
Флорист Гүлнұр Ахметова гүл композициясын дайындау үстінде.
Флористің айтуынша, 8 наурыз қарсаңында гүл дүкендеріндегі жұмыс таңнан түнге дейін жалғасады. Кейде флористер түн ортасына дейін букет дайындайды.
Гүл дүкеніндегі жұмыс процесі.
Оның айтуынша, бұл кезең гүл бизнесі үшін ең табысты уақыттардың бірі екен. Кейде бір айда табатын табысымызды екі күнде табатын кездер болады, – дейді флорист.
8 наурыз мерекесінде ең көп сұранысқа ие гүл – қызғалдақ. Дегенмен гүл дүкендерінде жыл бойы сұранысқа ие болатын гүлдер де бар. Соның бірі – лизиантус.
Лизиантус – нәзік әрі ұзақ сақталатын гүлдердің бірі.
Кейінгі жылдары гүл сатып алу мәдениеті де өзгерген. Адамдар әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп, арнайы келіп гүл шоқтарын жинайтындар жоқтың қасы.
Клиентке ұсынылған ерекше гүл композициясы.
Егер гүлдің ұзақ уақыт бойы солмай, әдемі күйінде тұрғанын қаласаңыз, оған дұрыс күтім жасау маңызды.Флористердің айтуынша, гүл қорапқа немесе себетке салынса, оның ішінде арнайы губка болады. Сол губкаға уақытылы су құйып тұрған дұрыс. Өйткені гүлдер сол губка арқылы су ішеді. Егер ылғал болмаса, гүл тез солып қалуы мүмкін.
Гүл сабағын қиып, букетке дайындау процесі.
Ал букет түрінде алынған гүлдерді үйге апарған соң, алдымен сабағын сәл қиып, таза суға салған дұрыс. Көп жағдайда гүлге қосып арнайы қоректік қоспа беріледі. Сол қоспаны суға қосса, гүлдің өмірі ұзара түседі.
Гүл сабағын қиып, букетке дайындау процесі.
Қазақстандағы гүлдердің басым бөлігі шетелден жеткізіледі.
«Гүлдер көбінесе Голландиядан, Кениядан және Қытайдан келеді. Ал мереке алдында олардың бағасы да қымбаттайды», – дейді Гүлнұр Ахметова.
Мерекеге арналған гүл композициялары.
8 наурыз қарсаңында флористердің жұмысы таңнан түнге дейін жалғасады.
Бірде таңғы жетіден бастап түнгі екіге дейін жұмыс істеген кезіміз болды. Бұл күндері гүл дүкендерінде нағыз қарбалас басталады, сондықтан алдын ала тапсырыс ерте жасауға кеңес береміз, – дейді маман.
8 наурызға арналған нәзік гүл композициясы.