20.01.2026
10:12
703
«Губка-қалалар»: Қытай жаңбыр суын жинауды қалай жүзеге асырып жатыр

«Губка-қалалар»: Қытай жаңбыр суын жинауды қалай жүзеге асырып жатыр

Қытай билігі жауын-шашынды табиғи қатер ретінде емес, стратегиялық экономикалық ресурс ретінде қарастыра бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Елде жүзеге асып жатқан ауқымды «губка-қалалар» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі заманғы инженерлік шешімдерді көне қытай сәулет философиясымен ұштастырып, құрғақшылық пен су тасқынына бір мезетте қарсы тұруды көздейді. Нәтижесінде мегаполистер техникалық сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отыр.

Бұл жүйеде кең қолданылатын «сұр су» ұғымы көпшілікті шатастыруы мүмкін. Себебі тазартудан өткеннен кейін мұндай су мөлдір күйге еніп, сырт көзге ауыз судан еш айырмашылығы жоқтай көрінеді. Сондықтан тұрғындарға оның шығу тегі туралы ашық ақпарат беру аса маңызды. Арнайы белгі болмаса, адамға бұл суды ажырату қиын. Ал қауіпсіздік тұрғысынан «сұр суды» ішуге болмайды. Соған қарамастан, оны тұрмыстық мақсатта пайдалану Қытайға жыл сайын миллиардтаған текше метр таза суды үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Бейжіңдегі әйгілі «Құс ұясы» ұлттық стадионы жауын-шашынды жинау мен қайта пайдаланудың заманауи үлгісіне айналған. Арена конструкциясына кіріктірілген күрделі капиллярлық құбырлар жүйесі жаңбыр суын үш ірі жерасты резервуарына бағыттайды. Ол жерде су сүзгіден өткізіліп, қайта қолданысқа жіберіледі: көгал суаруға, жүгіру жолдарын жууға және әжетханаларда пайдалануға жұмсалады. Осылайша стадионның суға деген қажеттілігінің жартысынан астамы осы жүйе арқылы өтеледі.

Мұндай технологиялар тек стадионмен шектелмейді. Осыған ұқсас шешімдер Бейжіңдегі Су спорт түрлерінің ұлттық кешенінде және Шэньчжэнь қаласындағы DJI компаниясының бас кеңсесінде де енгізілген. Ғимараттарда ауыз су мен техникалық суды ажырату үшін параллель «сұр су» жүйелері жүргізіледі. Бұл қазір Қытайда қалалық жоспарлаудың жаңа стандартына айналып келеді.

CFOTO/Future Publishing/Getty Images

Foster and Partners архитектуралық бюросының аға серіктесі Дэн Сиберт мұндай жобаларда ашықтықтың маңызын ерекше атап өтеді:

Егер сіз әжетханаға суды сұр ағын арқылы жіберіп отырсаңыз, адамдар мұны білуі керек.

Оның айтуынша, бұл тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, қалалық кеңістікке әсеру ету сезімін қалыптастырады.

«Губка-қала» тұжырымдамасын ұсынған ландшафт сәулетшісі Юй Кунцзян бұл идеяны Қытайдың тарихи тәжірибесіне негіздеген. Цинь және Хань әулеттері дәуірінде үйлердің ішкі аулалары жаңбыр суын ішке бағыттайтындай етіп салынған. Себебі су ол кезде береке мен байлықтың символы саналатын. Бүгінде осы философия бүкіл ел аумағына бейімделіп отыр: үкімет жауын-шашынның 70 пайызына дейін қайта пайдалануды мақсат етіп қойған.

Су жинау бүгінде жеке бір табысты индустрияға айналды. 2023 жылы Қытайда жаңбыр суын сүзу және сақтау жүйелері нарығының көлемі 17 миллиард доллардан асты. Бұл тек экологиялық бастама емес, әсіресе су тапшылығынан зардап шегіп отырған елдің солтүстігі үшін өмірлік қажеттілік.

urenscape/Хайкоу жағалауы: «губка-қала» жобасы жүзеге асқанға дейін және кейін

Қалалық ортаға жасыл аймақтар, сулы-батпақты алқаптар және су өткізгіш жабындарды интеграциялау мегаполистерге ылғалды тиімді сіңіруге мүмкіндік береді. Соның арқасында жойқын су тасқындарының қаупі азайып, болашаққа арналған тұрақты су қоры қалыптасады.