Кеше, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?Бейнеойын индустриясы әлемдік кино нарығымен бәсекелестігін күшейтіп келеді. Rockstar Games компаниясының жаңа Grand Theft Auto VI ойыны сатылымға шыққан алғашқы күнінде-ақ шамамен 2,36 млрд доллар табыс әкелген. Бұл қазіргі бағаммен 1 трлн теңгеден асады. Ойынның сатылым көлемі Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмінің әлемдік прокаттағы кассалық жинағынан да жоғары болды.
Reuters агенттігінің Sensor Tower сарапшыларының бағалауына сүйеніп хабарлауынша, GTA VI-ны әлем бойынша шамамен 24,58 млн адам сатып алған. Бұл көрсеткішке алдын ала тапсырыстар да кіреді. Есеп PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларындағы сатылымдарды қамтиды. Әзірге Rockstar Games-тің бас компаниясы Take-Two Interactive ресми сатылым көлемін жариялаған жоқ.
2,36 млрд доллар дегеніміз шамамен 1,06 трлн теңге. Осылайша ойынның алғашқы күнгі түсімі көптеген ірі киножобаның бүкіл прокат кезеңіндегі табысынан асып түсті.
GTA 6 фильмдермен бәсекеге түсті
The Hollywood Reporter басылымы GTA VI табысын биылғы ең көп табыс тапқан фильмдердің бірі – Кристофер Ноланның «Одиссея» картинасымен салыстырды.
Box Office Mojo дерегінше, «Одиссея» әлемдік прокатта шамамен 1,8 млрд доллар. Ал GTA VI-ның бағаланған түсімі бұдан 560 млн долларға көп.
2026 жылғы әлемдік прокат қорытындысында фильмдер арасында «Өрмекші адам: Жаңа күн» көш бастап тұр. Оның кассалық жинағы 2,52 млрд доллардан асқан. GTA VI мен фильмнің арасындағы айырмашылық шамамен 164 млн доллар.
Кино мен бейнеойын табысын тікелей салыстырғанда есептеу әдістерінің әртүрлі екенін ескерген жөн. Дегенмен GTA VI-ның алғашқы күнгі нәтижесі ойын индустриясының коммерциялық ауқымын көрсетеді.
Rockstar неге GTA желісі бойынша фильм түсірмейді?
Ойынның орасан табысына қарамастан, Rockstar Games әзірге Grand Theft Auto желісі бойынша фильм немесе сериал түсіруге асықпайды.
Take-Two Interactive бас директоры Штраус Зельник бұған дейін компания ойындарын экранға бейімдеу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын, бірақ мұндай жобаларды таңдауда өте сақ екенін айтқан.
Оның сөзінше, фильм немесе сериал жасауға компанияның шығармашылық тобы қызығушылық танытып, жобаның көрерменге ұнайтынына сенімді болған жағдайда ғана кіріседі. Өйткені компания үшін франшизаны жай ғана кеңейту емес, сапалы әрі өзі мақтан тұтатын өнім шығару маңызды.
GTA V әлі де миллиардтаған табыс әкеліп отыр
Rockstar-дың киноға асықпауының тағы бір себебі – серияның алдыңғы бөлігінің әлі де жоғары табыс әкелуі.
The Wall Street Journal бағалауынша, 2013 жылы жарық көрген GTA V осы уақытқа дейін шамамен 5,4 млрд доллар табыс тапқан. Ал GTA Online жобасы да компанияға осындай көлемде табыс әкелгені айтылады.
Бір қызығы, GTA V соңғы төрт жылда жыл сайын орта есеппен 400 млн доллар табыс әкеліп отырған. Бұл ойынның жарық көргеніне 13 жылға жуық уақыт өтсе де, оған деген сұраныстың сақталғанын көрсетеді.
Ойын үшін демалыс сұраудың жаңа тәсілі
GTA VI-ның шығуын күткен ойыншылар арасында ерекше бастама да пайда болған. Кейбір геймерлер жұмысынан демалыс алу үшін басшылыққа өтініш жазудың орнына әлеуметтік желіде бейнеролик жариялап, қолданушылардан лайк жинауға тырысқан.
Олардың шарты бойынша, видео белгіленген межеге жетсе, қызметкерге қосымша демалыс беріледі. Осылайша ойыншылар көптен күткен жаңа бөлімді ойнауға уақыт бөлуді көздеп отыр.
Кеше, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары