Грузияда қаза тапқан қазақстандық Әсел Айтбаеваның ісі бойынша сот үкімі шықты

2 Тамыз 2022, 18:30 1154

Бұл туралы Нұр-Сұлтн қаласының соты мәлімдеді

Грузияда қаза тапқан қазақстандық Әсел Айтбаеваның ісі бойынша айыпталушы Мұрат Мейірбековке қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Нұр-Сұлтн қаласының соты мәлімдеді.  

Нұр-Сұлтан қалалық соты Мейірбековті кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын қауіптілігі жоғары колонияда өтейді, сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуге міндеттелді. 

Мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысы бойынша, сот 10-нан аса адам қатысатын жиын өткізе алмайтындықтан шулы іс бойынша үкімді жариялау онлайн-форматта өтті.   

Еске сала кетейік, былтыр 5 мамыр күні Тбилиси қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің маңынан қазақстандық Әсел Айтбаеваның денесі табылған болатын. Грузиялық полиция өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу нұсқасы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікті Грузия азаматы Бесик Тордуа ұсталды. Оған отандасымызды зорлады деген айып тағылды. Тордуа сот үкімі шыққанға дейін қамауға алынып, көп ұзамай қайтыс болды. 

Ал бойжеткеннің туыстары Әселдің өз-өзіне қол салуы мүмкін еместігін алға тартты.  

2021 жылы 16 мамырда Айтбаеваның өлімі бойынша Нұр-Сұлтанда ҚР ҚК 128-бабы (адам саудасы) бойынша Мұрат Мейірбеков ұсталғаны белгілі болды.

Бөлісу: