18.09.2025
17:50
543
Грузияда шетелдіктерге қатысты жаңа ереже күшіне енеді

Грузияда шетелдіктерге қатысты жаңа ереже күшіне енеді

Грузияда шетелдіктердің елде болу тәртібіне қатысты жаңа ережелер енгізілуде. Парламент сайтында жарияланған заң жобасында Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізіліп, елде заңды болу мерзімін асырғандарға жаза күшейтілгені айтылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Негізгі өзгерістер

Заң жобасының түсіндірмесінде реформаның басты мақсаты «миграциялық процестерді реттеу және заңды сақтау деңгейін арттыру» екені атап өтілген.

Енді әкімшілік жаза ретінде мыналар қарастырылады:

шетелдікті елден депортациялау;

бес жылға дейін Грузияға кіруге тыйым салу.

Бұл шаралар дербес те, қосымша жаза ретінде де қолданылуы мүмкін. Депортацияға қатысты шешімді уәкілетті органдардың өтініші негізінде сот шығарады.

Мерзімдер мен айыппұлдар

Заң жобасында елде болу ережесін бұзғандарға айрықша көңіл бөлінген:

мерзім өткеннен кейін 3 айға дейін қалу - 1000 лари (шамамен 200 мың теңге) айыппұл және 6 айға кіруге тыйым;

3 айдан 1 жылға дейін - 2000 лари (шамамен 400 мың теңге) айыппұл және 2 жылға кіруге тыйым;

1 жылдан артық - 3000 лари (шамамен 600 мың теңге) айыппұл және 3 жылға кіруге тыйым;

транзит ережесін бұзу - 500 лари (шамамен 100 мың теңге) айыппұл.

Сондай-ақ шетелдіктерге заңсыз тұрғылықты жер, жұмыс немесе оқу жағынан көмектескен жеке және заңды тұлғаларға 2000 лари (400 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Ерекшеліктер

Депортация мына жағдайларда қолданылмайды:

егер шетел азаматына өз еліне оралғанда саяси қудалау қаупі төнсе;

өмірі мен денсаулығына қауіп болса;

азаптау немесе адамдық қадір-қасиетті таптайтын жағдайлар қаупі туындаса.

Шетелдік азаматтың өміріне немесе құқықтарына қауіп төнсе, ол елден шығарылмайды. Мұндай тәуекелді Ішкі істер министрлігі бағалайды, - делінген заң жобасында.

Депортация мен елге кіруге тыйымды жүзеге асыруды Грузияның Ішкі істер министрлігі қадағалайды. Айыппұлды төлемеген жағдайда, шетелдікке виза беруден немесе қайта кіруге рұқсат етуден бас тартылуы мүмкін.

Грузияға сапар жоспарлаған азаматтарға елде болу мерзімін мұқият бақылау ескертіледі. Жаңа заң 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енді.