12.02.2026
16:10
719
Грузия ескі автокөліктерді әкелуге тыйым салады

Грузия ескі автокөліктерді әкелуге тыйым салады

Грузия үкіметі елге алты жылдан асқан жеңіл көліктерді импорттауға тыйым салуды жоспарлап отыр. Тиісті заң жобасы парламент қарауына енгізілді. Бұл туралы елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Үкімет басшысының айтуынша, шектеу енгізу бастамасын Ішкі істер министрлігі көтерген. Заң жобасында кейбір шағын ерекшеліктер қарастырылуы мүмкін, алайда негізгі мақсат - елге ескі көліктердің жаппай әкелінуін тоқтату.

Алты жылдан асқан көліктердің импортын шектеу - экологияны қорғау, халықтың денсаулығын сақтау және жол қозғалысының қолайлылығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды, - деді Кобахидзе.

Соңғы жылдары Грузияда көлік саны күрт артқан. Премьер-министр келтірген дерекке сәйкес, 2012 жылы елде 864 мың автокөлік тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 2 миллионнан асты. Бұл жағдай жолдағы кептелістердің көбеюіне және экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келген.

Айта кетейік, жеңіл көліктерді импорттау мен экспорттау Грузияның сыртқы сауда құрылымында бірінші орында тұр. 2025 жылы ел 3,87 млрд доллар көлемінде жеңіл автокөлік импорттаған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,5%-ға көп. Аталған көрсеткіш Грузияның жалпы импортының 20,9%-ын құрайды.

Сонымен қатар, өткен жылы жеңіл көліктердің реэкспорты 16%-ға өсіп, 2,8 млрд долларға жеткен. Бұл ел экспортының 38%-дан астамын құраған.

Негізгі импорттаушы елдер - АҚШ, Жапония және Германия, ал 2025 жылы грузиялық автокөліктердің басты қайта экспорттайтын бағыттары Қырғызстан, Қазақстан және Әзербайжан болған.