Илон Маск негізін қалаған xAI компаниясы Android және iOS жүйелеріндегі барлық қолданушыларға Grok Imagine жасанды интеллект негізіндегі фото және бейне генераторын уақытша тегін пайдалануға мүмкіндік берді. Бұған дейін бұл қызмет тек SuperGrok пен X Premium+ жазылушыларына ғана қолжетімді болған еді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Grok Imagine қолданушыларға мәтіндік сұраулар немесе жүктелген суреттер негізінде ұзақтығы 15 секундқа дейінгі фотолар мен қысқа видеолар жасауға жол ашады. Қосымшада әртүрлі визуалды стильдер қолжетімді, сонымен қатар дыбысты синхрондау функциясын қолдануға болады.
Тегін қолжетімділік мерзімі әзірге шектеулі. Науқан аясында пайдаланушылар әр 12 сағат сайын 5 рет сұраныс жібере алады. Алайда сынақ қанша уақытқа созылатыны нақты белгісіз.
Бұл шешім GPT-5 іске қосылуымен қатар қабылданып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, ол xAI мен OpenAI арасындағы бәсекелестік пен олардың жетекшілері - Илон Маск пен Сэм Альтман арасындағы тартыстың жалғасуымен байланысты болуы мүмкін. Екі тарап жуырда X әлеуметтік желісінде ашық айтысып қалды: Маск Apple-ді ChatGPT қосымшасын қолдады деп сынға алса, Альтман Масктың өзі X алгоритмдерін жеке парақшасын ілгерілету үшін пайдаланады деп жауап берді.