22.09.2025
09:25
729
Грин карта лотереясына қатысты 20 сұраққа жауап

Грин карта лотереясына қатысты 20 сұраққа жауап

Грин карта – АҚШ-та тұрақты тұруға және заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат. Жыл сайын миллиондаған адам бақ сынайтын бұл лотерея көпшіліктің арманына айналғанымен, өтініш беру барысында қателіктерге жол беретіндер аз емес. Талапқа сай фото жүктеуден бастап, аты-жөнді дұрыс көрсетуге дейін әрбір деталь шешуші рөл ойнайды. Егер үміткер ұтып алғаннан кейін құжаттарындағы сәйкессіздік анықталса, жеңісінің күлі көкке ұшуы мүмкін.

Осы орайда біз грин картаға өтінім беру тәртібі, жиі кездесетін қателіктер және соңғы өзгерістер туралы сарапшы Айдана Махамбетқызымен сұхбаттасып, ең маңызды сұрақтарға жауап алдық.

El.kz: Грин карта дегеніміз не және ол адамдарға қандай мүмкіндіктер береді?

Айдана Махамбетқызы: Грин карта – АҚШ аумағында тұрақты тұруға және заңды түрде жұмыс істеуге құқық беретін ресми құжат. Оның басты артықшылығы – иесіне америкалық азаматтар секілді еркін жүріп-тұруға, ресми жұмыс істеуге, тұрғын үй сатып алуға және әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Грин карта иегері АҚШ заңдарына сәйкес барлық құқықтармен қамтамасыз етіледі, тек бір ерекшелігі – сайлауда дауыс беру құқығы берілмейді.

El.kz: Грин картаға өтінім беру кезінде адамдар ең жиі жіберетін қателіктер қандай?

Грин картаға өтінім беру кезінде ең жиі кездесетін қателіктер:

  • Аты-жөні туралы деректегі қателер. Көп жағдайда адамдар есімін немесе тегін дұрыс енгізбей, әріптерді шатастырып жібереді. Сондай-ақ туған жылы да қате жазылып кетуі мүмкін.
  • Әкесінің аты (middle name). Бұл жолды дұрыс толтырмау жиі кездеседі. Негізінен Америкада тек есім мен тегі жазылады, әкесінің аты көрсетілмейді.
  • Аты мен тегін ауыстыру. Кейбір өтінім берушілер аты мен тегінің орнын қате көрсетіп қояды.
  • Отбасы мүшелерін тіркемей қою. Ең өрескел қателіктердің бірі – отбасылы адамдардың жүйеге жұбайы мен балаларын қоспауы. Бұл өтінімді жарамсыз етуі мүмкін.

El.kz: Өтінімнің дұрыс толтырылуы жеңіске ықпал ете ме, әлде барлығы тек лотереяға байланысты ма?

Айдана Махамбетқызы: Грин карта лотереясы – аты айтып тұрғандай, бұл адамның бағы мен мүмкіндігіне байланысты іріктеу жүйесі. Дегенмен, «лотерея ғой» деп қалай болса солай толтыруға мүлде болмайды. Анкетаны дұрыс толтыру - табысқа жетудің басты шарты.

Мамандардың айтуынша, басты талаптардың бірі – талапқа сай фотосурет жүктеу, бір ғана анкетаны жіберу және барлық ақпаратты мұқият, қате жібермей енгізу. Себебі, грин картаны ұтып алған соң да алда маңызды кезеңдер күтіп тұр. Солардың ішінде – интервью. Егер құжаттарыңызда кішкентай ғана қателік анықталса, сізге берілген мүмкіндіктен айырылып қалуыңыз әбден мүмкін.

Сондықтан әрбір қадамды алдын ала ойластырып, барлық талапты мұқият орындау қажет.

El.kz: Биылдан бастап өтінім беру үшін арнайы төлем енгізілді. Бұл жаңалыққа сіздің көзқарасыңыз қандай?

Айдана Махамбетқызы: Қазіргі уақытта грин картаға өтінім беру төлемі туралы нақты шешілген ақпарат жоқ. Бастапқыда әр адамға 250 доллардан төлем енгізіледі деген ақпарат тараған, кейіннен ол ресми түрде жоққа шығарылды. Соңғы күндері адам басына 1 доллар (шамамен 542 теңге) көлемінде төлем алынуы мүмкін деген мәлімет айтылып жүр.

Мен шамамен он күн бұрын грин картамен айналысатын ресми ұйымға хат жазып, «Өтінім беру ақылы бола ма?» деп сұраған едім. Олар бірден жауап қайтарып, өтінім толтырудың ақысыз екенін айтты. Сондықтан нақты жауап тек қазан айында өтінім қабылдау басталған кезде белгілі болады. Мүмкін, ол туралы ақпарат ресми сайтта бірнеше күн бұрын жариялануы да ықтимал.

Әрине, бұл АҚШ ұйымдастыратын ресми лотерея болғандықтан, төлем енгізуге толық құқықтары бар. Өйткені миллиондаған адамның деректері өңделеді, сол себепті белгілі бір мөлшерде төлем енгізу – қисынды қадам болуы мүмкін.

Ақша төлеу талабы адамдардың өтінім беруіне әсер етеді деп ойламаймын. Егер ол 1 ғана доллар, яғни, бүгінгі курспен 542 теңге болса, қатты әсер етеді деп ойламаймын. Бірақ енді келесі жылдан бастап 250 доллар болуы мүмкін. Ол кезде міндетті түрде адамдар өте аз тапсырады деп ойлаймын.

El.kz: Бұрынғы жүйемен салыстырғанда, қазіргі жаңа талаптар әділ ме?

Айдана Махамбетқызы: Талаптардың әділ немесе әділ еместігін нақты айту қиын. Биыл енгізілген басты өзгерістердің бірі – төлем енгізілуі мүмкін деген шарт болса, екіншісі – міндетті түрде төлқұжат талап етілуі. Бұрын өтінім беру үшін тек жеке куәліктегі аты-жөнін аударып жіберуге болатын. Ал енді биылдан бастап үміткерде жарамды төлқұжаттың болуы міндетті екені ерекше атап өтілуде.

El.kz: Ақылы жүйе пайда болған соң, алаяқтыққа жол ашылмай ма?

Айдана Махамбетқызы: Грин карта лотереясы төңірегіндегі алаяқтық – бұрыннан бар құбылыс. Бұл туралы түрлі деректерді естіп те, оқып та жүрміз. Ең көп таралған алаяқтықтың бірі – адамдардың жеке деректерін пайдаланып, анкетаны өздері толтырып беру. Мұндай жағдайда олар өтінім берушіге ең маңызды растау нөмірін (confirmation number) көрсетпейді. Ал егер сол нөмір болмаса, үміткер өз өтінімін жүйеден тексере алмайды.

Кейде алаяқтар анкетада көрсетілетін электронды пошта орнына клиенттің емес, өздерінің поштасын жазады. Нәтижесінде сізде растау нөмірі болғанымен, пошта жәшігіне кіре алмасаңыз, құжаттарыңызды толық ала алмайсыз. Осылайша өтінімнің нәтижесін білу мүмкін болмай қалады.

Ең сорақысы – егер сіз шынында да лотереяны ұтып шықсаңыз, мұндай компаниялар жеке деректеріңізді өз қолында ұстап қалып, ақпаратты бермей қояды. Кей жағдайларда олар құжаттарды қайтару немесе ақпаратты ашу үшін 5 мыңнан 10 мың долларға дейін ақша талап етеді екен. Бұл мәселенің бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

El.kz: Сіздің тәжірибеңізде өтінім дұрыс толтырылмағандықтан мүмкіндіктен айырылып қалғандар кездесті ме?

Айдана Махамбетқызы: Иә, мұндай жағдай менің тәжірибемде де болды. Клиенттер өтінімдерін басқа адамға толтыртып, өрескел қате жіберген екен. Мәселен, отбасындағы үш баланың біреуін жүйеге тіркемей қойған. Мен бұл жағдайды анықтап, ресми сайтқа тікелей хат жазып сұрастырдым. Ол жақтан мұндай қателікке байланысты 100 пайыз келісім берілмейтіні нақты айтылды. Сол ақпаратты клиентке жеткіздім.

Алайда олар соған қарамастан маған сенім білдіріп, өтінім тапсыруға шешім қабылдады. Нәтижесінде 2023 жылы өтінім беріп, 2024 жылы жеңімпаз атанды. 2025 жылы күйеуі, әйелі және үш баласымен бірге әңгімелесуге кіріп, толық келісім алып шықты.

Бұл іс – тәжірибемде ерекше есте қалған мысалдардың бірі. Себебі алдын ала «мүмкін емес» деп бағаланған жағдайда да отбасы толық рұқсат алып шықты.

El.kz: Құжат толтыру кезінде фотосурет талаптарын сақтамау қаншалықты әсер етеді?

Айдана Махамбетқызы: Бұл талаптардың әсері айтарлықтай маңызды. Себебі іріктеу компьютер арқылы жүргізілетіндіктен, фотосурет белгіленген стандарттарға сәйкес келмесе, өтінім мүлде қабылданбайды. Суреттерді жүйе автоматты түрде тексеріп, арнайы нормаларға сәйкестендіреді.

Мәселен, адамның иығы мен беті толық көрінуі шарт, фотода көлеңке түспеуі керек. Егер осы талаптар сақталмаса, сайт суретті қабылдамай тастайды. Сондықтан өтінім беруші міндетті түрде сапалы фотосуретке түсіп, барлық талаптарды қатаң орындауы қажет.

El.kz: Өтінім берушілерден ең жиі түсетін сұрақтар қандай?

Айдана Махамбетқызы: Өтінім толтырмас бұрын грин картаға қатысқысы келетіндер арасында жиі қойылатын сұрақтардың бірі – «Америкаға тіл білмей баруға бола ма?» деген мәселе. Менің ойымша, мұндай көзқарасты қолдау қиын. Егер күндердің күнінде шетелге баруды жоспарласаңыз, ең алдымен тілді үйренген дұрыс. Дегенмен, грин картаға өтінім беру үшін тіл білу міндетті шарт емес. Тіпті лотереяны ұтып, Америкаға барып жатқан көптеген адамдар бастапқыда ағылшын тілін білмесе де, уақыт өте жүріп жұмыс істеп, тілді меңгеріп кетіп жатады.

Көпшілікті мазалайтын тағы бір сұрақ – «Қай қалаға барған дұрыс?» немесе «Несием бар болса, өтініш беруге бола ма?» деген ойлар. Бұл тұрғыда әр адам өз жағдайына және ыңғайына қарай қала таңдай алады. Яғни, грин карта адамның отбасылық ахуалына, тіл біліп-білмеуіне немесе несиелік жағдайына тікелей байланысты емес.

Дегенмен, ұтып алғаннан кейін әңгімелесу барысында сіздің мамандығыңыз, жұмыс істеуге қабілетіңіз және еңбекке деген дайындығыңыз белгілі бір рөл атқаратынын ескерген жөн.

El.kz: Лотереяның әділдігіне күмәнданатындар бар. Сіздің ойыңызша бұл жүйе қаншалықты ашық?

Айдана Махамбетқызы: Менің тарапымнан ешқандай күмән жоқ. Себебі, биыл үшінші жыл қатарынан осы бағытта жұмыс істеп келе жатқандықтан, талай жағдайға өз көзіммен куә болдым. Әртүрлі жастағы, әртүрлі білімі бар, түрлі салада еңбек етіп, түрлі деңгейде жалақы алатын клиенттердің, тіпті еш себепсіз жай ғана қызығушылықпен өтінім берген адамдардың да жеңіп шыққанын байқадым.

Сондай-ақ әңгімелесу кезеңінде үміткерлердің құқықтары тең дәрежеде қарастырылатынына көзім жетті. Сондықтан бұл процесте қандай да бір әділетсіздік бар деп ойламаймын.

El.kz: Ұтып алмаған кезде адамдарға қандай кеңес бересіз? Қайта-қайта қатысу пайдалы ма?

Айдана Махамбетқызы: Мен әрдайым айтамын: грин карта – бұл лотерея, сондықтан мұнда тек адамның бағы мен бабы келіскенде ғана жеңіске жетуге болады. Белгілі бір критерийге қарап ұтпайсыз, барлығы кездейсоқ таңдау арқылы жүреді. Сол себепті жыл сайын үздіксіз бағыңызды сынай берген жөн.

Өтінім тапсырудың өзі өте оңай: интернетте қалай толтыру керектігі туралы ақпарат жеткілікті. Дегенмен, компьютерді дұрыс қолдана алмайтын, ағылшын әріптерін жаза білмейтін немесе өз бетінше тапсырғысы келмейтіндер үшін арнайы қызмет көрсететін мамандар бар, соларға жүгінуге болады.

Ең бастысы – тоқтап қалмай, жыл сайын міндетті түрде өтінім беру. Өйткені біреулер бірінші рет тапсырғанда-ақ жеңіп кетсе, енді біреулер он жылдан бері үздіксіз қатысып, ақыры бақтарын сынап, жеңіп жатады.

El.kz: Сіздің ойыңызша, өтінім берушілердің қай жастағы тобы көбірек мүмкіндікке ие?

Айдана Махамбетқызы: Барлық адамның мүмкіндігі бірдей екенін тағы да ерекше атап өткім келеді. Өз тәжірибемде 18 жастағы жігіттер мен қыздардың да, жасы үлкен ата-әжелердің де, отбасылы адамдардың да жеңіп алғанын көрдім. Бұл лотереяда ешкімді бөліп-жармайды, барлығы тең дәрежеде қатысып, бірдей мүмкіндікке ие болады.

El.kz: Грин картаны ұтып алған соң АҚШ-та бейімделу қаншалықты қиын болады?

Айдана Махамбетқызы: Бұл – әр адамның өзіне байланысты мәселе. Тіпті Қазақстан ішінде бір қаладан екінші қалаға қоныс аударғанда біреулерге жаңа орта ұнаса, енді біреулер денсаулығына байланысты немесе қаржылық әрі инфрақұрылымдық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайды әр адам жеке тәжірибесіне сүйене отырып бағалауы қажет.

Ал Америкаға барғандардың басым бөлігі өздеріне лайықты жұмыс тауып, оқуын жалғастырып, тұрмысын қалыптастырып жатқанын айта аламын.

El.kz: Өтінім берушілерге жеке деректерін қауіпсіз сақтау үшін қандай кеңес бересіз?

Айдана Махамбетқызы: Ең алдымен айтарым – мүмкіндігіңіз болса, өтінімді өздеріңіз толтырыңыздар. Себебі мен бұған дейін атап өткендей, кейбір компаниялар адамдардың жеке деректерін пайдаланып, тіркеу нөмірін бермей қояды да, кейін ақша талап етуі мүмкін. Сондықтан өз бетіңізше тапсыру – ең дұрыс шешім.

Айта кету керек, өтінім толтыру барысында аса үлкен көлемдегі деректер сұралмайды. Негізінен тек аты-жөніңіз, туған жылыңыз, еліңіз сияқты қарапайым мәліметтер ғана енгізіледі. Сол себепті деректердің таралып кету қаупін тым асыра бағалаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Ал егер өзіңіз толтырғыңыз келмесе, онда сенетін адамыңызға немесе достарыңыз ұсынған, тексерілген компаниялардың көмегіне жүгінуге болады.

El.kz: Өтінім бергісі келетін қазақстандықтарға сіздің негізгі кеңесіңіз қандай?

Айдана Махамбетқызы: Менің ең басты кеңесім – анкета толтырғанда ешқашан жалған ақпарат енгізбеңіздер. Отбасы мүшелеріңізді, балаларыңызды толық көрсету өте маңызды. Егер заңды некеде болсаңыз, жұбайыңызды міндетті түрде жазуыңыз қажет. Себебі бастапқыда толтырылған анкета кейінгі әңгімелесу барысында шешім қабылдауға тікелей ықпал етеді.

El.kz: Құжат тапсыруға дайындықты қанша уақыт бұрын бастаған дұрыс?

Айдана Махамбетқызы: Егер биыл өтінім тапсыруды жоспарласаңыз, дайындықты ертерек бастаған жөн. Өйткені биылдан бастап анкета толтырғанда жеке төлқұжатты көрсету міндетті талапқа айналады. Сондықтан алдын ала төлқұжатыңызды жасап, қамданып қойған абзал. Сонымен қатар, 5х5 көлеміндегі фотосурет қажет болады. Бұдан өзге арнайы дайындайтын құжат жоқ.

El.kz: Қазақстандықтар арасында грин картаға деген қызығушылық неге жоғары деп ойлайсыз?

Айдана Махамбетқызы: Грин картаға сұраныстың артуының басты себебі – талаптарының қарапайымдылығында. Яғни, үміткердің 11-сыныпты немесе колледжді бітіруі жеткілікті. Сонымен қатар жұқпалы аурулары болмауы және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болуы шарт. Бұдан бөлек, ағылшын тілін білуі керек, белгілі бір көлемде қаржысы болуы тиіс деген талаптар қойылмайды.

Ең бастысы – өтінім толтыру тегін. Дегенмен, егер арнайы маманның немесе сарапшының көмегіне жүгінсеңіз, оның ақысын төлеу қажет болады. Қазіргі нарықтағы қызмет құны шамамен 10–20 мың теңгенің аралығында.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде грин картаға қатысты ақпарат көбейіп, халық арасында қызығушылық арта түскені байқалады.

El.kz: Жастардың көбі шетелге кеткісі келеді. Бұл құбылысты қалай түсіндіресіз?

Айдана Махамбетқызы: Бұл – әркімнің жеке таңдауы. Егер мүмкіндік болса, шетелде оқып, белгілі бір уақыт тұрып көрудің өзіндік артықшылықтары мол. Мұндай тәжірибе жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, тіпті бизнес бастауға арналған түрлі идеялардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Өзім де шетелде оқып, өмір сүріп көрген адам ретінде айтарым: шетелдегі білім мен тәжірибе болашақтағы жұмыс орныңызға және алатын жалақыңызға тікелей әсер етуі ықтимал.