«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты

«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты

Мадина Асылбекова
Фото: instagram.com/bts.bighitofficial

Оңтүстік Кореяның әлемге танымал BTS тобы «Грэмми-2027» музыкалық сыйлығына қатыспайтынын мәлімдеді.

Ұжымның жеті мүшесінің барлығы бірдей Arirang альбомы мен ондағы әндерді марапаттың ешбір аталымына ұсынбайтын болды.

Мұндай шешімге АҚШ-тың Дыбыс жазу академиясының «Үздік азиялық поп-музыкалық орындау» (Best Asian Pop Music Performance) атты жаңа өңірлік аталым енгізуі себеп болған.

Топ мүшелері әлеуметтік желідегі парақшаларында мәлімдеме жасап, музыканы географияға немесе тілге қарап бағаламауға шақырды.

Биыл біз «Грэммиге» өтінім бермеу туралы шешім қабылдадық. Музыканы оның шыққан еліне немесе тіліне қарап емес, өнер ретінде қабылдағанын қалаймыз. Бізді әрдайым қолдап келе жатқан ARMY қауымдастығына және барлық жанкүйерімізге алғыс айтамыз, – деді BTS мүшелері.

«Бұл азиялық орындаушылардың мүмкіндігін шектейді»

Музыка сыншылары мен жанкүйерлерінің пікірінше, K-pop, J-pop және C-pop орындаушыларына арналған жеке аталымның енгізілуі азиялық әртістердің басты марапаттар үшін бәсекелесу мүмкіндігін шектеуі мүмкін.

Олардың айтуынша, бұл өзгеріс азиялық музыканттарды «Жыл альбомы», «Жыл әні», «Жыл жазбасы» секілді негізгі номинациялардан алшақтатып, өңірлік санат аясында ғана қалдыру қаупін тудырады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі:

Әлемдік музыкалық сыйлықпыз деп жариялап, кейін орындаушыларды шыққан өңіріне қарай бөлу дұрыс емес, – деп жазды.

Тағы бір пікірде жаңа аталым «мәдени сегрегацияның белгісі» ретінде бағаланып, азиялық әртістердің халықаралық деңгейдегі басты марапаттардан шет қалуы мүмкін екені айтылған.

Академияның өз уәжі бар

Дыбыс жазу академиясының президенті әрі бас директоры кіші Харви Мейсон BTS тобының шешіміне өкініш білдіріп, жаңа аталымның мақсаты музыкалық мәдениеттердің алуан түрлілігін кеңінен таныту екенін айтты.

The GRAMMYs are introducing their first Asian category at next year’s ceremony.

Best Asian Pop Music Performance will recognise K-Pop, J-Pop, C-Pop recordings that feature meaningful use of one or more Asian languages. pic.twitter.com/lDLVtzQ10f

— Pop Base (@PopBase) June 16, 2026

Дегенмен әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі жаңа санат азиялық орындаушыларды негізгі аталымдардан одан әрі алыстатады деген пікірде.

Мысал ретінде BTS тобы алынған. Әлемдік танымалдылығына қарамастан, ұжым осы уақытқа дейін «Грэммиге» бес рет ұсынылғанымен, бір де бір мәрте жеңімпаз атанбаған.

«Грэмми-2027» марапатында қандай өзгерістер болады?

«Грэммидің» 69-марапаттау рәсімі 2027 жылдың 7 ақпанында Лос-Анджелесте өтеді.

Биыл жаңа азиялық поп аталымынан бөлек тағы төрт номинация енгізіледі:

Сонымен қатар марапатқа өтінім беру тәртібі де өзгерді. Енді бір орындаушы бұрынғыдай үш емес, төрт шығармасын ұсына алады.

Дауыс беру жүйесі де жаңартылады. Бұрынғы «10/3» қағидасының орнына Ballot Plus жүйесі енгізіліп, кәсіби тәжірибесі расталған академия мүшелері өз мамандығына сәйкес келетін 15 аталым бойынша дауыс бере алады.

Номинанттар қашан жарияланады?

Қазіргі уақытта марапатқа өтінім қабылдау жалғасып жатыр.

Байқауға 2025 жылдың 31 тамызы мен 2026 жылдың 28 тамызы аралығында жарық көрген музыкалық туындылар қатыса алады.

Алғашқы дауыс беру кезеңі 2026 жылғы 12-22 қазан аралығында өтсе, номинанттардың толық тізімі 16 қарашада жарияланады. Соңғы кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар 2027 жылдың 7 ақпанында анықталады.

«Грэмми» не үшін маңызды?

Музыка индустриясында «Грэмми» жеңімпазы атану орындаушының халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашады. Бұл жаңа аудитория жинауға, ірі музыкалық фестивальдерге шақырту алуға және әлемдік нарықтағы ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.

Мұның жарқын мысалдарының бірі – Bad Bunny. Оның толықтай испан тілінде жазылған альбомы «Жыл альбомы» аталымында жеңіске жетіп, музыка тарихында ерекше орын алды.

BTS қазір немен айналысып жатыр?

Биыл наурыз айында BTS міндетті әскери қызметтен кейінгі алғашқы Arirang альбомын жарыққа шығарып, көптен күткен камбэгін жасады.

Естеріңізде болса, 2022 жылы топ мүшелері Оңтүстік Кореядағы міндетті әскери борышын өтеу үшін бірлескен қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Барлық қатысушы әскерден оралғаннан кейін ұжым толық құрамда қайта сахнаға шықты.

BTS-тің оралуы үлкен табысқа ұласты. Arirang альбомы Billboard 200 чартында бірден бірінші орынға көтеріліп, соңғы 13 жылдағы музыкалық топтар арасындағы ең жоғары сатылым көрсеткіштерінің бірін тіркеді. Сонымен қатар бұл BTS-тің АҚШ-тың басты альбомдар рейтингінде көш бастаған жетінші альбомы болды.

Оқи отырыңыз

{