Грекия аралындағы өрт: Қазақстандық 8 жолаушыға айып тағылды

30 Маусым, 16:05 1093

Грек прокуратурасы жеке жалдамалы яхта бортында болған 8 қазақстандық жолаушыға Идрадағы өртке қатысы бар деген айып тағып отыр, деп хабарлайды ekathimerini.com сайтына сілтеме жасап  El.kz ақпарат агенттігі.

Басылымның жазуынша, яхтада болған екі балаға ешқандай айып тағылмаған.

Грекия билігі яхтаны жалға алушылардан жауап алып үлгермегендіктен Қазақстаннан көмек сұрап отыр.  

Айыптауды шығаруға прокурордың өрт орнында тағайындаған сот-медициналық сараптамасы кезінде табылған жаңа дәлелдемелер түрткі болған. Өрт сөндірушілер жалын тұтанған шығанақта отшашу қалдықтарын тапқан.

Оқиғадан соң яхта капитаны мен бірінші көмекшісі ұсталды, ал ұсталған басқа экипаж мүшелері шектеулермен кепілге босатылған.

Сонымен бірге  Пирей прокуратурасы Идрадағы өрт оқиғасы бойынша өрт сөндірушілер мен порт басшылығының әрекетіне қатысты алдын ала тергеуді бастады. Яхтаны жалға алушылардың өртке қатысы бар деген күдікке ілінгеніне қарамастан олардың Грекиядан шығып кетуіне мүмкіндік берген кез келген қадағалаушы органды тексеру басты назарға алынып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан СІМ ресми өкілі Грекиядағы өртке қатысты пікір білдірген болатын. Көп ұзамай шетелдік басылым аралды өртегендердің кімдер болуы мүмкін екенін жазды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: