Грек-рим, еркін және әйелдер күресі «Азияның үздік ұлттық күрес федерациясы» атанды

28 Желтоқсан 2023, 13:45 2458

UWW Asia (Азия күрес федерациясы) онлайн дауыс беру арқылы 2023 жылдың қорытындысы бойынша ең үздік ұлттық федерацияны анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметінің ақпаратынша, UWW Asia атқару комитеті мүшелерінің екі кезең бойынша дауыс беруімен Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Азияның «үздік ұлттық күрес федерациясы» деп танылды.

Бұл туралы спорт шолушысы Анық Көкенайұлы өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырды. Айтуынша, ұлттық федерацияны анықтаудың кілті Қазақстанда ересектер арасындағы Азия чемпионатының 9-14 сәуірде Астанада өтуі болды. Онда Қазақстан балуандары 7 алтын медаль жеңіп алған еді.

Спорт шолушысы Қазақстан бозкілем шеберлерінің 2023 жылғы жетістіктеріне тоқтала кетті. Астанада өткен Азия  чемпионатында еркін күрестен 6 палуан финалда өнер көрсетіп, төрт  балуан алтын алса, екеуі күміске қол жеткізді және біреуі қола еншіледі. Әйелдер күресінен 2 балуан финалда күресіп ел абыройын асқақтатып алтыннан алқа тақты. Тағы үш ару қолаға қол жеткізді.

Грек-рим күресінен балуандарымыз 1 алтын, 2 күміс, 4 медальға ие болды. Белградтағы әлем чемпионатында қазақ палуандары 3 медаль олжалады және 2 олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Еркін күрестен ел тарихында тұңғыш рет Ризабек Айтмұқан әлем чемпионы атанды. 86 кг салмақта күрескен Азамат Дәулетбеков қола медальмен қатар олимпиаданың жолдамасына ие болды. Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова қоланы қанағат етті, – дейді ол.

Ал грек-рим күресінен Қазақстан балуандары медаль ала алмады. 87 кг салмақта бақ сынаған Нұрсұлтан Тұрсынов тек олимпиада жолдамасын алды.

Қазақстан балуандары Қытайдағы жазғы Азия ойындарында бір де бір алтын медаль иеленбеді. Азия ойындарында әйелдер күресінен 76 кг салмақта күрескен Жәмила Бақбергенова мен грек-рим күресінен күрескен Мейіржан Шермағанбет финалға шығып, күміс медаль алды. Азия ойындарында еркін күрес шеберлері медальсіз қайтты, – деп Анық Көкенайұлы Азия ойындарына шолу жасаған екен.

Еске сала кетейік, күрестен ересектер арасында Қазақстанда өткен Азия чемпионатында балуандар 7 алтын медальға қол жеткізді. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: